Ақтөбеде бюджет қаражатын жымқырған шенеуніктер мен депутаттарға қатысты сот үкімі шықты
- авторОймақ
- Бүгін, 14:54
- 20
Ақтөбеде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуға бөлінген бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырған шенеуніктер мен депутаттарға қатысты сот үкімі шықты. Резонанс тудырған қылмыстық істің ақ-қарасын Ақтөбе қаласының №2 соты анықтады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Жемқорлық схемасы 2024 жылдың сәуір айында Мұғалжар ауданы прокуратурасы жүргізген талдау кезінде әшкереленген болатын. Тергеу барысында аудандық мәслихаттың төрағасы мен депутаты, әкімдік қызметкерімен сыбайласа отырып, мемлекетке айла асырғаны белгілі болды. Олар толыққанды көппәтерлі тұрғын үйдің орнына бюджетке қарапайым жатақхананы сатып жіберген.
Бұл заңсыз әрекеттің салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 672 миллион теңгені құрады.
«Мемлекеттік айыптаушы сот талқылауында айыптауды қолдап, қорғау тарапының барлық уәждерін жоққа шығаратын бұлтартпас дәлелдемелерді ұсынды. Сот үкімімен кінәлі тұлғалардың мүлкі тәркіленіп, олардың әрқайсысы әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», — деп хабарлады Ақтөбе облысының прокуратурасы.
Сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, мемлекетке келтірілген 672 млн теңге шығын сомасы сотталғандардан ортақ тәртіппен өндіріп алынды.
Айта кетейік, шығарылған сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Кінәлілердің қорғаушылары апелляциялық шағым түсіруге құқылы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





