жұма, 20 наурыз, 2026 9:51

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Атырауда 50 миллион теңгеге жуық алаяқтық жасаған ер адам шартты жаза алды

Атырауда 50 миллион теңгеге жуық алаяқтық жасаған ер адам шартты жаза алды
Фото: gov.kz
Атырауда ондаған миллион теңгеге адамдарды алдаған алаяқ сот залынан босатылды. Жәбірленушілердің кешірімі мен амнистияның арқасында ол нақты мерзімде жазасын өтемей, шартты жазаға кесілді.

Атырауда 50 млн теңгеден астам қаражатқа адамдарды алдаған алаяқ түрмеден құтылып кетті. Бұл жағдайға жәбірленушілердің кешірімі мен Конституцияның 30 жылдығына арналған амнистия әсер еткен. 

30 жастағы қала тұрғыны адамдарға NCOC компаниясына жұмысқа орналастырып беру, жер телімдерін және тұрғын үй кешендерінен пәтерді арзан бағамен алып беру қызметін ұсынған. Ол өзін "байланыстары бар" адам ретінде көрсетіп, нақты бағалар мен мерзімдерді айтып, сенімге кірген. Тіпті кейде сату бөлімдерінің кеңселері маңында кездесіп, сенімділікті арттырған.

Адамдар оған сеніп, ақшаларын қолма-қол да, түрлі есепшоттарға да аударған. Кей жағдайда ақша оның таныстары мен туыстарының шоттарына түскен. Сомалар бірнеше миллион теңгеге дейін жеткен. Ең ірі оқиғада жәбірленуші әуежай трассасы маңындағы жер телімін алып беремін деген уәдесіне сеніп, 35 млн теңгеден астам қаражат берген. Алаяқ бұл жерде "мәселені шешетін адамдарға шығарамын" деп сендірген.

Тағы бірқатар адамға тұрғын үйді тиімді бағамен алып беремін деген. Мысалы, бір жәбірленуші жеңілдікпен пәтер аламын деп 6 млн теңгеге жуық ақша берген. Сонымен қатар, NCOC-қа жұмысқа тұрғызу үшін де ақша алған: сатылым менеджері қызметі шамамен 4 млн теңге болса, кеңсе көмекшісі үшін 500 мың теңге сұраған.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, уәделерін орындауға мүмкіндігі болмағанын және ақшаны жеке қажетіне жұмсағанын айтқан. Алайда іс қаралғанға дейін ол барлық шығынды өтеп үлгерген. Тоғыз жәбірленуші оған қатысты шағымы жоқ екенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Сот оны ірі және аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда амнистияға байланысты жаза 4 жылға қысқартылып, шартты жазаға ауыстырылған. Осылайша, ол сот залынан босатылды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар