Әккі ұры зейнеткерді көкөніс дүңгіршегінен азық-түлік сатып алып жатқан жерінен байқап, үйіне дейін аңдыған. Лифт күтіп тұрғанда екеуі қысқаша тілдесіпті. Оқиға подьездегі бақылау камерасына жазылған. Видеодан лифт келгенде ер адамның алдымен әйелді өткізіп, артынан кіргені байқалады.
Кейін ұры бірден зейнеткердің қолындағы азық-түлік салынған пакеттері мен әмиянын жұлып алуға тырысыпты. Пакетіне мықтап жармасқан кейуана оңайлықпен берілмеді. Тіпті соқталдай жігіт оны баспалдақтан есікке дейін сүйресе де, зейнеткердің қолынан сөмкесін ала алмай, ақыры қашып кеткен. Кейуана еш жарақат алмаған, жағдайы жақсы. Ал полиция ұрыны қамауға алды.
"Күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел қызметкерлер күдіктінің қашу бағытын бақылау камераларынан қарап зерделеді. Нәтижесінде бұрын сотты болған Екібастұз қаласының тұрғыны ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді Павлодар облысы ПД КПБ аға жедел уәкілі Әділ Шахманов.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





