Атырау облысы Жангелдин ауылында хабар-ошарсыз кеткен бір отбасының өліміне қатысты қылмыс ашылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылған.
ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанын айтқан.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында отбасы мүшелерінің мәйіттері әртүрлі жерлерден көмілген күйде табылған.
6 қаңтарда тергеу әрекеттері кезінде үйдің шаруашылық құрылысының ішінен ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, отбасының балаларына іздеу жалғасты.
Қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуге осы отбасының бұрынғы күйеу баласы – 29 жастағы ер адам жарияланған. Онымен бірге халықаралық іздеуге ерлі-зайыптылардың кіші қызы да берілген.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазақстандық полицейлер Индонезиядағы әріптестерімен бірлесіп, күдіктіні осы елдің аралдарының бірінде ұстаған.
– Күдікті Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындаған. Оның көрсетуімен жүргізілген қосымша тергеу барысында үй ауласынан бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта іс Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Сонымен қатар отбасының кіші қызының бұл қылмысқа қатыстылығы тексерілуде. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындалған.
ІІМ қылмыс жасаған адамдардың жауапкершіліктен құтылмайтынын атап өтті.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






