сенбі, 7 наурыз, 2026 2:10

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мәулен Әшімбаев: ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау – Мемлекет басшысы саясатының басым бағыттарының бірі

Мәулен Әшімбаев: ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау – Мемлекет басшысы саясатының басым бағыттарының бірі
фото сенат
Дәстүрлі спорттық жарыс аясында алғаш рет өнер жұлдыздары мен белгілі тұлғалардың қатысуымен арнайы турнир де ұйымдастырылды.

 

Бүгін бочча спортынан еліміздегі алғашқы жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық республикалық турнир мәресіне жетті. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Астанадағы жаңа Инклюзивті спорт орталығында өтті. Іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.

Мәулен Әшімбаев параспортшыларға ілтипат білдіріп, алғашқы жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровтың елімізде паралимпиадалық боччаның қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды. Сұлтанбек Орынбасаров мүмкіндігі шектеулі жастардың әлеуетіне сеніп, оларға үлкен спортқа жол ашып берген еді. Қазақстан бочча федерациясының Президенті инклюзивті қоғам құру бағытындағы жұмысты одан әрі жалғастырудың маңызына назар аударып, бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баса мән беріп отырғанын айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спортты дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп, оның қоғам үшін мәні жоғары екенін үнемі айтып келеді. Әр азаматқа тең мүмкіндік беретін қоғам құрудың маңызы да Мемлекет басшысының басты назарында. Бұл қағида жаңа Конституция жобасында да ерекше мәнге ие. Бүгінде Президентіміздің қолдауының арқасында Қазақстанда параспорт қарқынды дамып, ерік-жігер мен өз мүмкіндігіне деген сенімнің символына айналып отыр. Сондықтан ерекше қажеттілігі бар спортшыларға тиісті жағдай жасалып, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді», – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Федерация Президенті бүгінде Қазақстанда бочча спорты қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Өңірлерде жаңа филиалдардың ашылуы және ата-аналар мен спортшылар қызығушылығының артуы аталған спорт түрінің қоғамдағы маңызын айшықтай түседі. Мәулен Әшімбаев боччаның дамуы мен паралимпиадашылар шеберлігінің өсуі спорттың біріктіруші күш екенін және инклюзивті қоғам идеясының өміршеңдігін көрсететінін атап өтті.

Биыл боччадан ашық республикалық турнир аясында алғаш рет өнер және медиа саласының белгілі өкілдері қатысқан инклюзивті «Жұлдыздар турнирі» ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.

«Жыл сайын бочча жарысына қатысушылар саны артып келе жатқанын қуана атап өткім келеді. Биылғы турнирге еліміздің 13 өңірінен келген 120-ға жуық параспортшы қатысты. Бұл боччаның Қазақстан спортында өзіндік орны бар екенін көрсетеді. Бүгінгі турнирге дарынды параспортшылармен бірге белгілі азаматтардың да қатысуы соған дәлел. Өнер жұлдыздары мен медиа саласының өкілдері алаңға шығып, боччаның әркімге қолжетімді спорт екенін көрсетіп берді. Осы жерге келуіміздегі басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар спортшыларға қолдау көрсету. Бұл турнир асқақ рухты, өзара қолдауды және бірлікті дәріптейтін нағыз мерекеге айналды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы 19 наурыз күні «ЕРЕКШЕ» атты фильм қалың көрерменге жол тартатынын хабарлады. Ол адамның табандылығы мен мүмкіндіктері туралы оқиғалар баяндалатын туынды қоғамда паралимпиадалық спорттың маңызын насихаттауға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

«Жуырда, 19 наурыз күні еліміздің барлық кинотеатрында бочча спортына арналған «ЕРЕКШЕ» атты фильмнің премьерасы өтеді. Бұл – берік рух пен адамгершілік туралы әсерлі оқиға. Фильм көрерменді жігерлендіріп, қоғамның паралимпиадалық спорт әлеміне жаңа көзқараспен қарауына жол ашады деп сенеміз. Осы орайда параспортшыларға және осындай маңызды әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсеткені үшін «Kinopark» кинотеатрлар желісінің басшысы Алмаз Малдыбаевқа алғыс білдіреміз», – деді Сенат Төрағасы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бочча – тек спорттық ойын емес. Ол – ең алдымен, мүгедектігі бар балалар мен ересектердің оңалуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беретін маңызды тетік. Тұрақты жаттығулар спортшылардың физикалық дайындығын арттырып, қимыл-қозғалыс дағдылары мен логикалық ойлау қабілетін дамытады. Бүгінде бочча мүгедектігі бар балалар мен ересектер арасында кең таралған әрі қолжетімді паралимпиадалық спорт түрінің біріне айналып отыр.

Биылғы турнир бағдарламасына жеке жарыстармен қатар командалық және жұптық бәсекелер де енгізілді.

Турнир қорытындысы бойынша командалық жарыста бірінші орынды Астана қаласының құрамасы (Итиана Шингисханова, Ерхат Алмат, Меруерт Тілебалды) иеленді. Екінші орын Павлодар облысынан келген командаға (Виктор Кожевников, Ульяна Куликова, Александр Курмантаев) бұйырса, үшінші орынға Алматы қаласының спортшылары (Алина Карамышева, Георгий Павленко, Эльдар Гребнев) табан тіреді.

ВС3 санатындағы жұптық жарыста бірінші орынды Жамбыл облысы мен Астана қаласының атлеттері (Дилафруз Махмаддулоева, Темірлан Алтынсары) жеңіп алды. Екінші орыннан Алматы қаласының жұбы (Мирон Спириков, Айсұлтан Мұхан) көрінсе, үздік үштікті Жамбыл және Алматы облыстарының спортшылары (Андрей Агапов, Назгүл Исакова) түйіндеді.

Сондай-ақ ВС4 санатындағы жұптық жарыста Алматы қаласының спортшылары (Эльмира Мусралиева, Азамат Аязбаев) жеңімпаз атанды. Екінші орын Жамбыл және Маңғыстау облыстарының жұбына (Әйгерім Тынысбаева, Тәттімбет Теңелгенов) бұйырды.

Айта кетейік, ашық республикалық турнир 2-6 наурыз аралығында Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында өтті. Оған Қазақстанның 13 өңірінен келген 119 спортшы қатысты. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ, Қостанай, Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының өкілдері бар.

Жарыс Қазақстан бочча федерациясының бастамасымен, Астана қаласы әкімдігінің және серіктестер мен демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты елімізде паралимпиадалық қозғалысты дамыту, мүгедектігі бар азаматтардың спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейту және инклюзивті қоғам қағидаттарын ілгерілету екенін атап өткен жөн.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар