Әкім қатысқан: Шымкетте болған жанжалға қатысты қызметтік тексеру басталды
- авторОймақ
- Бүгін, 11:08
- 35
Шымкентте әлеуметтік желілерде пайда болған жанжал видеосына байланысты қызметтік тексеру басталды. Желі қолданушыларының айтуынша, бұл төбелеске қаладағы аудандардың бірінің әкімі қатысқан, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Arasha.kz.сайтының баяндауынша, видео кадрларынан футбол алаңында бірнеше ер адамның арасындағы сөз таласының соңы төбелеске ұласқанын көруге болады. Жазба авторлары қатысушылардың арасында Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев болғанын алға тартуда. Қазіргі уақытта видеодағы адамның жеке басы ресми түрде расталған жоқ.
Шымкент әкімдігі осы жағдайға байланысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Билік оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қатысушылардың іс-әрекетіне құқықтық баға беруді жоспарлап отыр.
«Қала әкімдігі заңдылық, қызметтік әдеп және кез келген заңсыз мінез-құлыққа жол бермеу принциптерін ұстанады. Таратылған видеодағы деректер расталған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Тексеру аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз», – делінген ресми хабарламада.
Әкімшілік тексерудің жан-жақты және объективті болатынын атап өтті. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.
Анықтама үшін: Алмас Абаев Қаратау ауданының әкімі болып 2025 жылдың сәуірінде тағайындалған болатын. Оның алдындағы әкім бірінші сынып оқушысының кәріз шұңқырына батып кеткен қайғылы оқиғасынан кейін қызметінен босатылған еді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






