сәрсенбі, 25 ақпан, 2026 23:04

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Түркістан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адамға үкім шықты

Түркістан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адамға үкім шықты
ашық дереккөз
Зорлады деп айыпталған ер адам 71 жастағы көршісі болып шықты.

Түркістан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталған 71 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі жарияланды. Іс қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Сот отырысы жабық режимде өтті.

Сот үкіміне сәйкес, айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы (он алты жасқа толмаған адамды зорлау) және 149-бабы (тұрғын үйге заңсыз кіру) бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейтін болды.

Сонымен қатар, сот шешімімен оған өмір бойына педагогикалық қызметпен айналысуға және кәмелетке толмағандармен байланысты кез келген салада жұмыс істеуге тыйым салынды.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленуші 2025 жылдың қаңтар айында босанған. Қыздың жасы – 15-те болған. Бала әкесі ретінде сотталған ер адамның аты аталады.

Қайғылы жағдай алғаш рет 2025 жылдың күзінде әлеуметтік желілерде жария болған. Түркістан облысы Келес ауданындағы ауылдардың бірінде 15 жастағы оқушы қыз 71 жастағы көршісінен жүкті болып, бала туғаны туралы ақпарат тараған. Кейін белгілі болғандай, ер адам жәбірленушіге туыстық жағынан да жақын – ол қыздың нағашы ағасы болып шықты.

Отбасы қыздың жүкті екенін тек жетінші айында білген. Нәресте Астанада дүниеге келген. Алайда құқық қорғау органдарына арыз тек бірнеше ай өткен соң – қазан айында ғана түскен.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева босанғаннан кейін медициналық мекеме бұл дерек туралы полицияға хабарлағанын мәлімдеген. Іс тіркеліп, кейін аумақтық тиістілігі бойынша Түркістан облысына жолданған.

Алғашында Келес ауданында материал номенклатуралық іске тіркеліп, қозғалыссыз қалған. Тек қоғамда резонанс туып, ақпарат 

құралдары мәселені көтергеннен кейін ғана Ішкі істер министрлігі мен прокуратура тексеріс жүргізді.

Ауыл тұрғындары сотталушының ауылдан кетуін талап етіп, әлеуметтік желілерде әділдік сұрады. Көпшілік құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне наразылық білдіріп, іс неге тек шу шыққан соң ғана қозғалғанын сұраққа айналдырды.

Бүгін сот бұл іске нүкте қойды. 71 жастағы адам үшін 15,5 жыл түрме жазасы іс жүзінде өмір бойына тең мерзім екені айтылып жатыр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар