"Қарындасымды қорғай алмадым": Руслан Өтепбай Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты зерттеу жүргізді
- авторОймақ
- Бүгін, 13:41
- 28
Танымал тележурналист Руслан Өтепбай қоғамда үлкен резонанс тудырған шымкенттік 21 жастағы бойжеткен Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты журналистік зерттеу жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Журналисттің айтуынша, бұл оқиға тек бір отбасының басындағы ауыр қайғы емес, тұтас қоғамды алаңдатуы тиіс қасірет.
"Шымкенттік Нұрай Серікбайдың қазасы – бір ананың жүрегінде мәңгі жазылмас жара, бір ағаның өмір бойы арқалап өтетін өкініші ғана емес, бұл — қоғамның трагедиясы. Мен марқұмның туған ағасымен сұхбаттастым. Оның әр сөзі жанды ауыртты. Қарындасын еске алғанда, дауысынан сағыныш пен өкініш қатар сезілді», — дейді Руслан Өтепбай.
Журналистің сөзінше, марқұм Нұрай тұйық, жуас, ешкімге жамандық ойламайтын қыз болған. Алайда дәл осы мінезін пайдаланып, күдікті оны ұзақ уақыт бойы мазалап, қыр соңынан қалмаған.
Руслан Өтепбай ең ауыр әрі бәрімізді ойландыруы тиіс сұрақты да көтерді:
«Бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар ма еді?»
Сондай-ақ ол бұл оқиға қоғамдағы жүйелі мәселені ашып көрсететінін атап өтті.
«Бір отбасы қызынан айырылды. Бір ағасы “қарындасымды қорғай алмадым” деп өзін кінәлайды. Ал қоғам тағы да кеш қозғалды. Бұл — жай ғана қылмыс емес. Бұл — қыздардың қауіпсіздігі, сталкинг және жауапкершілік мәселесі», — деп түйіндеді журналист.
Сонымен қатар Руслан Өтепбай өзінің бұл тақырыптағы журналистік зерттеуі жақын арада жарық көретінін хабарлады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





