дүйсенбі, 26 қаңтар, 2026 15:22

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Омбыда «Қазақ мәдениет орталығы» ауадай қажет

Омбыда «Қазақ мәдениет орталығы» ауадай қажет
Ұйымның шығармашылық бастамаларының бірі – «Омбы қазақтары» газеті.

Омбы десе көз алдымызға қазақтың саяси ойы мен ұлттық санасы ұйысқан, Алаш идеясы тамыр жайған тарихи рухани орталық елестейді. Бұл қалада Шоқан Уәлиханов кадет корпусында оқып, ғалым ретінде қалыптасты, Сәкен Сейфуллин азаматтық көзқарасын шыңдады. Омбыда Әлихан Бөкейхан редакторлық қызмет атқарып, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Садуақасұлы, Мұратбек, Асылбек, Мұсылманбек Сейітовтер, Темірболат Телжанұлы білім алып, ел ісіне араласты. Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Нығмет Нұрмақов секілді мемлекет қайраткерлері де осы ортадан түлеп ұшты. Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатов Омбыға талай аялдап, қазақ жастарының рухын оятты. «Казпедучилище» мен өзге оқу орындары арқылы Омбы қазақтың талай ғалымын, ұстазын, зиялысын тәрбиелеп, ұлт тарихында өшпес із қалдырды.

XX ғасырдың басында Омбы облысында алты жүзге жуық қазақ ауылы болған, қазір шамамен қырық ауыл қалған. 1914 жылғы 18 сәуірде Омбыда қазақ жастарының бейресми «Бірлік» ұйымы құрылды. Ұйым құрамында А. Сейітов, М. Сейітов, М. Жұмабаев, С. Садуақасов, А. Баржақсин, Ш. Әлжанов, Б. Байділдин, А. Сейдалин, Қ. Кемеңгерұлы, Ғ. Тоғжанов, Д. Әділов, О. Темірбеков және өзге де ел болашағына бейжай қарамаған жас зиялылар болды.

«Бірлік» ұйымы қазақ халқының мәдениетін, өнерін, әдебиетін дамыту, ұлттық санасы мен елдік сезімін оятуды басты мақсат етіп қойды. Осы мақсатта 1916 жылы «Балапан» атты қолжазба журнал шығарылып, онда ағартушылық, ұлттық тәрбие, қоғамдық ойға қатысты мақалалар жарияланды. Бұл басылым қазақ жастары арасында жаңа идеялардың таралуына, ұлттық көзқарастың қалыптасуына ықпал етті.

Содан бері талай ғасыр өтсе де, Алаш зиялыларының ізгі істерін жалғаушылар сол өлкеде көптеп кездеседі. Бүгінде Омбы облысында қазаққа тиесілі 12 ұлттық бірлестік бар. Олардың басым бөлігі қазақ мәдениетін жандандыру, ана тілді үйрету, кездесулер ұйымдастыру, қазақ тіліндегі кітаптар тарату, Наурыз мерекесін тойлау сияқты іс-шараларды жүзеге асырады.

Сондай ұйымдардың бірі – «Омбы қазақтары» бірлестігі. Ұйымның негізін қалағандар – Қуаныш Елеутаев пен Торғын Ашенова. Бүгінгі күні бұл ұйым Ресей мен алыс-жақын шетелде кеңінен танымал. Олар ана тілді дәріптеп, ұлттық болмысты сақтауға бар күшін салып келеді. Ұйым мәдени, спорттық шараларды жиі өткізеді, келелі кеңестерде үнемі бас қосады.

Ұйымның шығармашылық бастамаларының бірі – «Омбы қазақтары» газеті. Он жылдан астам уақыт бойы газет тек ақпараттық кеңістікті толықтырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды насихаттауда өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл басылым Қазақстандағы ұлттық бәйге «Үркер» сыйлығына да ие болды.

Күні кеше ұйым басшылары Қуаныш пен Торғын Астанаға атбасын тіреді. Осы сапар аясында олар «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін құрбандары музей-мемориалдық кешенінде болып, тарихпен тағылымды жүздесу өткізді. Сапар барысында Торғын ханым өздері шығарып келе жатқан «Омбы қазақтары» басылымының оңайлықпен дүниеге келмегенін айтты. «Бүгінге дейін «Ару қыз», «Суперкелін», «Лига Дружбы», «Алтын адам» секілді елуге жуық әлеуметтік-мәдени жобаны жүзеге асырдық. Соның ішінде ең ауыр, ең жауапты жоба – осы газетті тұрақты шығару болды», – дейді ол.

Айта кетерлігі, басылымда еңбек етіп жүрген журналистердің барлығы дерлік жалақысыз жұмыс істейді. «Негізгі қызметтері бола тұра, уақыт тауып, елдік намысқа сүйеніп, тегін еңбек етуге келіскен бұл азаматтардың жанкештілігі – үлкен құрметке лайық. Газет шығару ісінің қаншалықты қымбат әрі машақатты екенін жақсы білсек те, бұл басылым біз үшін ауадай қажет. Өйткені ол – Омбы қазақтарының тарихын хатқа түсіретін, ХХІ ғасырдағы тыныс-тіршілігін, ауылдардағы ахуалды келер ұрпаққа жеткізетін бірден-бір рухани дереккөз. Авторларға «жүз жылдан кейін ұрпағыңыз Пушкин атындағы кітапханаға келіп, сіздің жазғаныңызды оқып, сізді танитын болады» деп айтуымыз да сондықтан. Бүгінде газет Омбы облысындағы 32 ауданның 22-сіне таралып, қандастардың рухын көтеріп отыр.

Осы мақсаттың жалғасы ретінде жүз мыңға жуық қазақ тұратын Омбы қаласында Қазақ мәдениет орталығын ашу ісі қолға алынуда. Бұл бастамаға жергілікті әкімдік қолдау танытып, орталыққа тегін кабинеттер берді. Ендігі мәселе – сол ғимаратты жөндеп, толыққанды мәдени кеңістікке айналдыру. Өкінішке қарай, барлығы қаражатқа тіреліп тұр. Дегенмен жанашырлық танытып, қолдан келгенше көмектесіп жатқан азаматтар да бар. Егер бұл орталық ашылса, ол Омбы қазақтары үшін ана тілін үйренетін, тарихын танытатын, мәдени шаралар өтетін, жастар мен ақсақалдарды тоғыстыратын рухани орда болмақ. Яғни газет арқылы рухты көтерсек, мәдениет орталығы арқылы сол рухты ұрпақ санасына орнықтыруды көздеп отырмыз,» деп атап өтті.

Әңгіме барысында ортақ мақсаттарымыз бен мұраттарымыздың бір екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Алдағы 2026 жылы бірлікте атқарылатын жобаларға басымдық беріп, қандастардың рухани өмірін жаңа деңгейге көтеретін бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаластық.

Жарқынбек Жұмаділұлы

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар