дүйсенбі, 19 қаңтар, 2026 11:05

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

АҚШАСЫНА ЖҰМЫСЫ САЙ МА?

АҚШАСЫНА ЖҰМЫСЫ САЙ МА?
фото ашық интернет көзінен
Халық саны көбейген сайын, елдімекендер кеңейген сайын, урбанизация үдерісі интернетке деген сұранысты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Бүгінде интернет тек ақпарат көзі немесе байланыс құралы ғана емес, экономиканың, білімнің, мемлекеттік қызметтердің және күнделікті тұрмыстың негізгі инфрақұрылымына айналды. Алайда Қазақстанда интернет инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен нақты өмірдегі пайдаланушы тәжірибесінің арасында айқын алшақтық бар. Әсіресе соңғы жылдары ұялы байланыс тарифтерінің күрт өсуі бұл мәселенің күрмеуін күрделілендіріп, қоғам назарында найзағай ойнатты.

Тарифке сапа сай ма?

2025–2026 жылдары Қазақстандағы ірі ұялы байланыс операторлары – Altel, Tele2 және Beeline тарифтердің 15–20 пайызға өсетінін ресми түрде мәлімдеді. Бұл шешім қоғамда айтарлықтай резонанс тудырды. Әсіресе үш ірі оператордың тарифтерді бір мезгілде және бірдей көлемде қымбаттатуы көпшіліктің күдігін күшейтті. Мұндай синхронды қадамдар нарықтағы шынайы бәсекенің бар-жоғына қатысты орынды сұрақтар туындатты.

Аталған мәселеге Парламент депутаттары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың пікірінше, тарифтердің бір кезеңде және шамалас деңгейде өсуі ұялы байланыс нарығында бәсекенің әлсіздігін аңғартады.

 «Жақында Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары – Altel, Tele2 және Beeline абоненттік төлемді шамамен 20 пайызға өсіретінін ашық мәлімдеді. Бұл – тек байланыс қызметінің емес, интернет тарифтерінің де қымбаттайтынын білдіреді. Ең назар аударарлық жайт – үш ірі оператордың тарифтерді бірдей уақытта, бірдей көлемде көтеруі. Мұндай қадам еркін бәсекеден гөрі өзара келісім мен үйлесімді әрекетті еске салады. Қарапайым халық үшін бұл жағдай “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасының мәні мен мағынасына күмән тудырады. Ел Президентінің “жеке монополия мемлекеттік монополиядан да қауіпті” деген сөзі дәл осындай ахуалдарға қарата айтылғандай әсер қалдырады. Қазір қоғамда операторлар нарықтағы үстем жағдайын пайдаланып отыр деген пікірдің күшеюі кездейсоқ емес» дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.

Депутаттың айтуынша, тарифтердің өсуі интернет сапасының нақты әрі біркелкі жақсаруымен қатар жүрмесе, бұл шешім әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына қайшы келеді. Ал, әлеуметтік желілердегі пікірлер де бұл күдікті күшейте түседі. Мәселен, бір қолданушы төрт ересек адамға ай сайын интернет пен ұялы байланыс үшін 20-25 мың теңгеге жуық қаржы кететінін, коммуналдық төлемдер мен азық-түлікті қосқанда «тек төлем жасау үшін өмір сүріп жатқандай» күйге түскенін жазады.
Тағы бір тұрғын Beeline үй интернеті 2021 жылдан бері үш есеге жуық қымбаттағанын, ал Altel тарифінің 2590 теңгеден 5290 теңгеге көтерілгенін алға тартады. Мұндай мысалдар «20 пайыз» деген ресми уәждің шынайы өмірмен үйлеспейтінін көрсетсе керек.

Ал, Қазақтелеком қызметін пайдаланушылар, негізінен, тариф бағасына шағымданбайды. Қызмет құны қымбат емес деген пікір басым. Әсіресе жұма күнінен бастап, байланыс сапасының төмендейтінін айтады.Тұтынушылардың айтуынша, теледидар сигналы қатып қалады, дыбыс пен бейне бір сәтке үзіліп, «сырт етіп» қайта қосылады немесе мүлде дұрыс жұмыс істемей қалады. Бұл мәселеге байланысты Қазақтелекомға біз де  хабарластық. Бір қызметкер техникалық қызмет көрсету бөліміне жүгінуді ұсынса, екіншісі ақпараттық бөлімге бағыттады. Ал ақаудың нақты себебін түсіндіріп беретін бірізді жауап болмады. Мәселенің түп-төркіні теледидар антеннасына, желілік жүктеменің артуына, ауа райының қолайсыздығына немесе байланыс желісіндегі техникалық ақауларға байланысты болуы мүмкін. Алайда бұл жорамалдардың қайсысы нақты себеп екені әзірге белгісіз.

Жылдамдық өсті, бірақ мәселе шешілді ме?

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы интернет жылдамдығы соңғы жылдары артқан. 2023 жылы ел фиксирленген интернет бойынша әлемдік рейтингте төмен орындардың бірінде болып, орташа жылдамдық шамамен 20 Мбит/с деңгейінде тіркелген еді. Алайда бұл мәлімет 2025 жылы өзгерді. Сөйтіп елімізде 2026 жылдарға қарай мобильді интернет жылдамдығы 70–80 Мбит/с деңгейіне жетіп, халықаралық рейтингтегі орын біршама жақсарған болатын. Бұл – инфрақұрылымдық инвестициялардың нәтижесі екені сөзсіз. Алайда орташа статистикалық көрсеткіштер нақты пайдаланушылардың күнделікті тәжірибесін толық сипаттай алмайды. Қалалардың өзінде интернеттің тұрақсыздығына, жылдамдықтың күннің ортасынан кейін төмендеуіне, ал ауылдық жерлерде байланыс мүлде жоқ немесе өте әлсіз болуына қатысты шағымдар жиі тіркеледі. Бұл – қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздіктің әлі де жойылмағанын көрсетеді.

«Өз басым отбасымыздағы екі нөмір үшін ай сайын шамамен 13 мың теңге төлеймін. Бірақ интернеттің жұмыс істеу ырғағы ай ортасына жеткенде-ақ бұзыла бастайды. Айдың 15-і шамасында байланыс кідіріп, 17-сі күні тіпті баяулайды. 19-ына қарай тұрақсыздық анық сезіледі, ал 21-інен кейін интернет мүлде «ақсап», алға жүруден қалады. Ең қиыны – осыдан кейін байланысқа қайта жан бітсін десең, тағы сол 13 мың теңгені төлеуге мәжбүрсің. Әйтпесе, сөздің тура мағынасында «жолда қаласың». Қызметтің сапасы төмендей берген сайын, ішің удай ашиды» дейді Қосшы қаласының тұрғыны Нұрбек Кеңесбай.

Рәсінда да Тариф бар, төлем бар, бірақ тұрақты интернет жоқ болса абоненттердің ашуланбауы мүмкін емес.Қызмет үшін тұрақты төлем талап етіледі, алайда сол төлемге сай нәтиже көрінбейді. Алайда кейбір ұялы байланыс оператрлары интернет сапасына барынша күш салатынын айтады.

 «Абоненттік төлемнің өзгеруі сервистердің тұрақтылығын одан әрі қамтамасыз етіп, одан да сапалы қызмет көрсетуімізге мүмкіндік береді. Сондай-ақ кейбір тарифтік жоспарларда қосымша ресурстар ұсынамыз, әрі QINO қызметін — 80 арнаға және Megogo, PlanB және Tvigle онлайн-кинотеатрларына 2026 жылғы 31 қаңтарға дейін тегін қолжетімділікті ұсынамыз», - дейді Tele2.

Қанша десек де, мәселе тек шығындарда емес. Негізгі сұрақ – тариф саясаты халық табысының өсу қарқынымен қаншалықты сәйкес келеді және нарықта тұтынушы мүддесін қорғайтын шынайы бәсеке бар ма дегенге келіп тіреледі.

Қанша ауылда интернет бар?

Ал, Мемлекет бұл проблеманы шешу үшін арнайы Президенттің тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың өзінде-ақ,  «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын қабылдаған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – халықты кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы кеңжолақты интернетпен қамту. Осы жоба аясында ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс тарту, 4G және 5G желілерін кеңейту, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды мобильді интернетпен қамту жоспарланған. Сөйтіп, Үкімет болса 2027 жылға қарай халықтың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді деп мәлімдеп отыр. 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша 2 606 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Биыл тағы 1 900 ауылды интернетке қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 4G байланысы 3 115 ауылды қамтып отыр, ал қосымша 836 ауыл осы жылы желіге қосылмақ.

Бұұл жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

– Қазақстан толыққанды цифрлық ел болу үшін барлық қажетті бағыттар қамтылып жатыр. Заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, жасанды интеллект технологияларын енгізу мен ауқымын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 3 мыңнан астам ауыл биыл және келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі, – деді ол.

Сондай-ақ, ол Ауылдарға интернет тартумен қатар, ауылдағы әрбір үйге талшықты-оптикалық желісін салу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да назардан тыс қалдырмады.

«Бұл «Соңғы миль» жобасы деп аталады. Осы жоба аясында 400 мыңға дейін үй шаруашылығына оптика құрылысы көзделіп отыр. Қосымша 2,5 млн адам қамтылады. Әкімдіктерден оптикалық кабельді ілу үшін электрмен жабдықтау тіректеріне қолжетімділікті ұйымдастыру талап етіледі», - деді Жаслан Мадиев.

Айналып келгенде, Қазақстанда интернет инфрақұрылымы дамып, жылдамдық көрсеткіштері жақсарып келе жатыр дегенімізбен оның қолжетімділігі, баға мен сапа арасындағы тепе-теңдік, сондай-ақ нарықтағы бәсекелестіктің жеткіліксіздігі әлі де шешімін толық таппаған мәселелер болып отыр. Егер тариф саясатына тиімді реттеу мен қоғамдық бақылау күшеймесе, интернет халық үшін дамудың құралы емес, қаржылық ауыртпалыққа айналу қаупі бар. Цифрлық мемлекет құру жолында тек техникалық көрсеткіштер емес, әлеуметтік әділеттілік пен қолжетімділік те негізгі өлшем болатынын ұмытқанымыз абзал қашанда.

Шапағат ӘБДІР

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар