сәрсенбі, 14 қаңтар, 2026 15:12

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Нұрайды ұзақ уақыт қорқытып келген": марқұмның туыстары күдіктіге қатысты деректерді айтты

"Нұрайды ұзақ уақыт қорқытып келген": марқұмның туыстары күдіктіге қатысты деректерді айтты
"Алғашында ол Нұрайға жабыса беріп, бір елі қалмай, қыр соңынан еріп жүрді".

Шымкетте танысының қолынан қаза тапқан  21 жастағы қыздың туысы әлеуметтік желіде бұрын Нұрайды бұрын Аймахан Шерханның алып қашқанын, арыздарға қарамастан полицияның бақылауы болмағанын, қылмыстың алдын алмағанын айтты. Ол күдіктінің бұрын қызды үнемі аңдып келгенін, бұған қатысты бар деректі марқұм Нұрайдың жинағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

21 жастағы Нұрай Серікбай Алматы қаласында «сән, дизайн» мамандығы бойынша білім алып жүрген. Күдікті Аймахан Шерханмен өткен жылдың жаз айында танысқан. 28 жастағы жігіт қазан айында қызды алып қашқан, туыстары полицияның көмегімен Нұрайды құтқарып алған. Бірақ жігіт сабасына түспей, қызды аңдуын доғармаған. 

Туыстарының айтуынша, бұған дейін алып қашу бойынша арыз жазылған. Бірақ іс қозғалмаған.

Марқұмның жақыны әлеуметтік желіде Нұрай мен күдікті Аймахан Шерханның қалай танысқанын айтып берді. Екеуі бір тойда танысып, басында елпектеп жүрген жігіт соңында қызға қысым түсіре бастаған.

Оның сөзінше «сені түрмеге отырғыза алмайды» деген сөздермен Аймахан Шерхан Шымкентте пышақ жарақатынан қаза тапқан Нұрайды қорқытып келген.

«Марқұм Нұрай күзгі семестр басталғалы бері бұрынғыдай емес, өзгерген еді. Жүзінен күлкі кетіп, бойындағы жарқылдаған қуаныш сөне бастаған. Оның мұндай күйге түсуіне себеп болған — Аймахан Шерхан.
Олар жаз айларында бір тойда танысқан. Алғашында ол Нұрайға жабыса беріп, бір елі қалмай, қыр соңынан еріп жүрді. Алайда уақыт өте келе оның мінезі өзгеріп, Нұрайға психологиялық қысым көрсетіп, қорқыта бастады», — деді марқұмның жақыны.

Оған қысым түсіріп, қызды Шымкентке алып кеткен. Кейін ата анасының қарсылығымен әйтеу Аймахан Шерханнан бөлек кеткен. Дегенмен жігіт Нұрайды аңдуын қоймаған. Сталкинг жасаған соң, Нұрай деректерді жинап, дәлел ретінде полицияға бермек болған.

«Ақырында, Нұрайдың да, оның ата-анасының да ашық қарсылығына қарамастан, Аймахан Шерхан қызды Алматыдан күшпен алып кетіп, Шымкентке әкетті.
Туыстары Нұрайды күдіктінің үйінен алып шыққанымен, содан кейін оның өмірі тозаққа айналды.
Аймахан Шерхан ұзақ уақыт бойы аңдитынды шығарды.
Нұрай оны бұғаттаған сайын, ол қыздың құрбыларына жазды;
қайта-қайта мазасын алып, хабарламалар жолдады;
әлеуметтік желілер арқылы әр қадамын бақылап отырды.
Нұрай бұл әрекеттердің бәрін скриншот жасап, дәлел ретінде жинаған. Алайда полицияға арызданған кезде, оның өтініші тиісті деңгейде қаралмады. Ал қылмыскер болса ашық түрде:
«Сені түрмеге отырғыза алмайды», — деп айтудан тайынбады.

Ол қанша дәлел мен арызға қарамастан аңдып жүрген жігітке қатысты шара қолданылмағанын айтты. 

«Ол Нұрайдың сабақ кестесін біліп алып, оқу орнына келіп, бетпе-бет жолығып қорқытқан. Айтқан сөздері мен жазған хабарламалары оның психикалық тұрғыдан қауіпті адам екенін айқын көрсететін. Нұрайдың қатты қорыққаны сонша, ағасы оны сабаққа апарып, қайта алып кетуге мәжбүр болды.
Өкінішке қарай, қанша дабыл қағылғанына, қанша дәлел мен арыз болғанына қарамастан, бұл істің жолы дер кезінде кесілмеді. Соңында бұл оқиға қасіретпен аяқталды — Нұрай Аймахан Шерханның қолынан қаза тапты», — деді марқұмның жақыны.


Осыған байланысты марқұмның туыстарының талаптары мынадай:

1. Аймахан Шерханды Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің барлық тиісті баптары бойынша, соның ішінде:
— заңсыз бас бостандығынан айыру / адам ұрлау (мәжбүрлі некеге итермелеу мақсатында);
— жүйелі қудалау (сталкинг);
— қорқыту;
— адам өлтіру
қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартып, заңда көзделген ең қатаң жаза тағайындау.
2. Жәбірленушінің арыздарына тиісті деңгейде әрекет етпеген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) құқықтық баға беріп, негіз болған жағдайда оларды да заң аясында жауапқа тарту.
Біз әділеттілік талап етеміз!
Бұл — бір адамның ғана қасіреті емес.
Бұл — бүкіл қоғамның трагедиясы.
Бұл — еленбеген арыздың, қорғалмаған қыздың және өз міндетін атқармаған жүйеніңсалдары», — деп жазды марқұмның жақыны. 

Ал бұған дейін марқұмның ағасы былай деген еді:


«Шынымызды айтсақ қан жылап отырмыз. Біз әр жаңалықты оқып отырамыз, қолдау көрсетіп жатқан жандарға рахметімізді айтамыз. Қазір біздің қолдан тек сол адамға максималды срок беру ғана қолымыздан келеді. Қазір бізге артық сөз сөйлеуге, жазуға болмайды өйткені кейін арғы жақтың адвокаттары тырнақ астынан кір іздейді. Сот процесі әділ өтеді деген сенім бар», — деп жазды марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай.

Өңірдегі Turkistan телеарнасы қайғыдан қан жұтқан отбасының 13 қаңтар күні марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанын хабардады

Айта кетейік, 11 қаңтар күні кешкі уақытта 21 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапты. Ол тәтті пісіру үшін ұн алуға сыртқа шыққан. Сол сәтте үйін торуылдап жүрген Аймахан Шерхан ұстап алған. Сөйлесуден бас тартқан оны Аймахан Шерхан пышақтап, жан шошырлық күйде тастап кетіп қалған. Нұрай Серікбайдың денесінде бірнеше пышақ жарақаты анықталды. 
Оқиға болғаннан кейін жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Бастапқыда күдіктіге іздеу жарияланып, полицейлер қалаға кіретін және шығатын жолдарда бақылау орнатып, барлық аумақты тексерді. Қазір күдікті қамауда отыр.

Бұл жайт бойынша қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Еске сала кетсек, Qaz365.kz оқиға орнына барып, куәгерлерден жағдайды сұрастырып, істің мән-жайын анықтаған еді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар