Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиев туған күнін Дубайда ұлан-асыр той жасап атап өтті, деп хабарлайды Oimaqnews kz Qaz365.kz.
Нұрәлі Әлиев биыл 41 жасқа толды. Салтанатты кешті шөл далада орналасқан элиталық демалыс орнында, ашық аспан астында ұйымдастырды. Мерекелік кеш бес жұлдызды Terra Solis Dubai қонақүйінде өтті. Элиталық шараларды ұйымдастырушы ретінде танымал продюсер Николас Броше қонақ үйді белгілеп, кештің кадрларын өз парақшасына салған. Шамасы іс-шараны Николас Брошенің өзі ұйымдастырған.
Кеш барысынан түсірілген бейнежазбаларды Нұрәлі Әлиев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Кадрларда ол арнайы жасалған торттағы шырақтарды үрлеп өшіреді. БАҚ дерегіне сүйенсек, оның қасында тұрған 13 жастағы қызы Амира.
Жалпы кешті ұйымдастырғандар түркілердің мәдениетіне ерекше назар аударғаны байқалады. Киіз үй тігіп, қыранды декорацияға бейнелеп, Turan этно-фольклорлық ансамблін шақырған. Бұл орын Дубай қаласынан шамамен жарты сағаттық жерде орналасқан, шөлдегі оазис ретінде танымал. Мұнда глэмпинг аймағы, бассейндер және Жерорта теңізі үлгісіндегі мейрамхана бар.
Қонақүйде бір түн қону үшін екі адам 100 мыңнан 270 мың теңгеге дейін төлейді. Мереке кезінде түскен суреттерде отбасы мүшелері мен жақындары да бар. Олардың қатарында үлкен ұлы Алан Нұрәліұлы және жұбайы Адина Имашева тұр. Ол бұрынғы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың қызы.
Айта кетейік, Нұрәлі Әлиев — Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның және марқұм Рахат Әлиевтің ұлы. Ол бүгінде Forbes журналының нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарына тұр. Назарбаев әулетіндегі әлеуметтік желісі ашық, жұрт көзінен тасада жүрмейтін адамдардың бірі осы Нұрәлі Әлиев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстандық олигархтардың Дубайдағы екі вилласы 20,7 миллиардқа сатылды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






