Түркістан облысында жеке үйдегі өрт салдарынан 12 адамның қаза болуына байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева 18 қараша күні таңертең Жетісай ауданы, Алғабас ауылында болған қайғылы оқиға туралы кейбір мәліметтерді жариялады. Жеке тұрғын үйдегі өрттен 12 адам қаза тапты, олардың тоғызы — бала.
«Үйде екі отбасы – ата-аналары мен балалары болған, өрт шығып, шатыр опырылып құлаған. Аймақтық уәкіл Психологиялық қолдау орталығымен бірге оқиға орнына барды. Өрттің шығу себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Марқұмдардың туыстарына көңіл айтамыз», – деп жазды балалар омбудсмені Динара Закиева өз әлеуметтік желідегі парақшасында.
Түркістан облысы полициясының хабарлауынша, Жетісай ауданындағы өрт фактісі бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






