«Тапсырыспен бе?»: Жаңа адамдар жалған анықтамалар сатқан директорға жауап берді
- авторОймақ
- Бүгін, 16:20
- 20
Жаңа адамдардың AntiLIPA азаматтық науқаны жалған медициналық анықтамалар сатылымын анықтау мен әшкерелеуді жалғастырып келеді. Тексеру барысында Ayana Clinic желісінің екі филиалында жүйелі түрде жалған анықтама, флюорография және тіпті еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары ешқандай тексеріссіз және талдаусыз беріліп келгені анықталды. Құжаттар ғаламтордан «оң нәтижелі» суреттерді жүктеу арқылы жасалып, мөр басылған. Онымен қоймай, анықтамалар кәмелетке толмағандарға да сатылған: екі 15 жастағы жасөспірімге әрқайсысы 6000 теңгеден берілген.
Соңғы кейсте Жаңа адамдар клиниканың Ұлы Дала, 45/1 мекенжайындағы филиалын «липавирус карантиніне» жапқанын хабарлады: белсенділер ғимаратты лентамен қоршап, «жұқтыру көзіне» тосқауыл қойды және әкімшілікке «Липавирус» диагнозы мен оны емдеу тәсілі ретінде «өзін және өзгелерді алдауды тоқтату» көрсетілген анықтаманы табыстады.
Басшылық реакциясы көп күттірмеді. Ayana Clinic басшысы Абдуразах Уали Instagram стористе бұл оқиғаның барлығы — «бизнес бойынша бәсекелестердің тапсырысы» деп мәлімдеді. Жаңа адамдар бұл клиникаларға екі рет барып, заң бұзушылықтарды тіркеген болатын. Соңғы рейд кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағының сатылғаны анықталды, ал бұл — қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет.
Дәлелдер базасын зерттеу барысында жалған анықтамалардың бағасын атаушы мен Жаңа адамдарды «тапсырыспен жасады» деп айыптаушы — бір адам екені белгілі болды. Бейнежазбада клиника басшысы Абдуразах Уали бағаларды өзі атайды: флюра талдауы — 1000 тг, санитарлық кітапша — 4000 тг, өткен күнмен берілетін анықтама — 6000 тг.
Барлық материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды. ҚР ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігі тіркелген деректер бойынша тексеріс жүргізуде. Заңбұзушылықтар расталды, енді мәселе пікірталастар деңгейінде емес, заң алдындағы жауапкершілік деңгейінде қаралады. Мұндай әрекеттер адамдардың денсаулығына және қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Рахидинова Адалят, Жаңа адамдар қозғалысының өкілі: «“Тапсырыспен бе?” Иә. Ар-намысын 2000 теңгеге сатпайтын қоғам тапсырысымен. Сіз бізді “тапсырыс, шабуыл және арандату” бойынша айыптадыңыз. Алайда біз азаматтардың мүддесін қорғаймыз, ал біздің кейстер — қадір-қасиетті табыс көзіне айналдырғандарға қарсы наразылық. Заң тұрғысынан бұл — құқықбұзушылық туралы жария түрде хабарлау».
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





