"Декреттік төлем алу үшін 40 жұмыс орнынан анықтама әкеледі": жаңа заң жобасы талқыланады
- авторОймақ
- Бүгін, 17:21
- 27

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын ашық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Azattyq Rýhy. сайтына сілтеме жасап.
Құжат өте көлемді және әлеуметтік сақтандыру саласындағы біраз маңызды мәселелерді қамтиды.
Бұған дейін біз осы құжат негізінде Қазақстанда декретте отырған 900 әкеге қатысты өзгеріс туралы және тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы төлемеу туралы ұсынысты жазған едік.
Еңбек министрлігі бұл мәселелерге тоқталмас бұрын құжаттың ең басына декреттік төлемдерге қатысты статистика мен өз зерттеуін ұсынған. Атап айтқанда, министрлік міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әділдікті бұзған адамдардың салдарынан жүйе 2028 жылы қаржылық тұрақсыздыққа әкеп соқтырады дейді.
«Әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдер түсімдерінің көлемі арасындағы кассалық алшақтық 2021 жылдан бастап соңғы жылдар бойы байқалған. Әлеуметтік төлемдер көлемінің 80%-дан астамы жыл сайын аналарға байланысты екі тәуекелге – жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік төлемдерге тиесілі, Аталған төлемдерге арналған шығыстардың едәуір өсуіне жекелеген «жосықсыз» кәсіпкерлер мен өтініш берушілердің әлеуметтік төлемдерді барынша көп мөлшерде алу үшін «күмәнді схемаларды» қолдануы ықпал етті», - деп жазған министрлік бірнеше әйелдің мысалын жазыпты.
Мысалы, өтініш беруші А 01.08.2024 жылы жүктілігінің жеті айына байланысты уақытша жұмысқа жарамсыз болып танылған. Бірақ, 19 тамыз күні «артқы» датамен 12 айға ең жоғары жалақының әлеуметтік төлемін салған. Бұған дейін ол әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған, яғни, тұрақты жұмысынан төлем түспенген. Заңсыз схеманың арқасында ол 6 284 250 теңге төлем алған.
Тағы бір әйел 21.08.2024 жылы «декреттік» ақшасын алу үшін төтініш жазған екен. Ол да артқы датамен ақша «құййып», 4 066 161 теңге төлем алған. Егер ол осындай «сұр» схеманы жасамағанда, 1 516 411 теңге алар еді дейді Еңбекмин.
«Өйткені, instagram, facebook сияқты әлеуметтік желілерде декретке шыққысы келіп жүрген әйелдерге жеке кәсіпкерлермен (ИП-дан - авт) жалған еңбек шартын жасасып, сақтандыру қорынан барынша мол төлем алуды үйрететін «схема» қатты жарнамаланған. Кейде жалған құжаттар арқылы барынша мол декреттік төлем алғысы келгендер 10 жұмыс орнынан, кей жағдайда тіпті, 40 жұмыс орнынан анықтама әкеледі», - деп жазылған құжатта.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.