"Қазіргі қоғам сөздің қадірін түсініп жүр ме?" деген сауалға жазушы не деп жауап берді
- авторОймақ
- 5 маусым, 2025
- 73

"Ұлы Абай: «Сөз ұқпайтын ақымақтан күнде жеңілемін» деген екен. Қазіргі қоғам сөздің қадірін түсініп жүр ме?" деген жас журналистердің сауалына жазушы Қойшығара Салғараұлы жауап берді. Ол:
– Тарих сөзде жатыр. Ал сөз – адамның жаратқан ең ұлы қаруы. Ғылым да, дін де адам ақыл-ойының жемісі. Эйнштейн айтқандай, бұлардың үшеуі – бір алып ағаштың бұтақтары. Бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Дінсіз ғылым – ақсақ, ғылымсыз дін – соқыр. Ал осыны ұғындыратын тарих. Тарих деген – ата-бабаның ізімен қалған өмірбаян. Адамның сәбилік шақтан бастап пендешілікке дейінгі барлық қадамын шежіредей шертіп береді. Адам алғаш жаратылғанда пәк еді, санасы таза еді. Ол алтын дәуір болатын. Кейін адам бойына нәпсі мен пендешілік араласа бастаған сәттен-ақ құлдырау кезеңі басталды. Біз қазір бесінші өркениетте тұрмыз. Бірақ тарихтағы әр өркениет шыңға жеткен сәтте қайтадан күйреген. Бұл да заңдылық. Бүгінгі жағдайға қарасақ, біз де сол күйреудің қарсаңында тұрғандаймыз.
Ең үлкен қателік адамның өзін ұмытуы. Өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай құдіретке ие екенін білмеуі. Біз өзімізді емес, өзгелерді тыңдаймыз. Өз сөзімізден емес, бөгденің сөзіне сенеміз. Сол себепті халық өз құдіретін жоғалтады. Абай айтқандай, «Қараңғыны қармап жүріп күнді күту» халіміз – осы. Адам баласының түзелуі – сана түзелгенде ғана мүмкін. Оған ешқандай үкімет, ешқандай ұран көмектеспейді. «Құдайдың екінші аты – халық» деген сөз тек халық оянғанда, халықтық сана биікке жеткенде ғана ақиқатқа айналады. Ал сана оянбаса, халық тобырға айналады. Кім көрінгеннің жетегінде кетеді. Сөз – ұлы күш. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» дейді. Сөз – тіріні өлтіріп, өліні тірілтетін құдірет. Мөңке бидің «Естіге айтқан асыл сөз шыңға тіккен тумен тең» дегені осыдан. Есті құлақпен есті сөз тыңдалса, елдің де, ердің де бағы жанады.
Шыны керек, біздің буын – шын данышпандардың соңғы көлеңкесі секілді. Бұрынғы ақсақалдар тост сөйлемейтін. Олар сөздің қадірін білетін, елдің жайын, ұлттың мұратын сөйлейтін.
Aikyn.kz
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.