Алтын қанатты ару: Алина Ридің киімі қызу талқыға түсті
Қырғыз қызының костюміне ұқсатып жатқандар бар.
Пуэрто-Рикода өтіп жатқан «Ғалам аруы – 2026» халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан атынан қатысқан Алина Ридің ұлттық киімі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар оның алтын қанатты образын былтыр Қырғызстан өкілінің киген костюміне ұқсатып, плагиат деп айыптады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
21 қарашада Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өткен ұлттық киімдер көрсетілімінде Алина Ри «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты ерекше образбен сахнаға шықты.
Костюмнің басты ерекшелігі – құлашын жайған бүркітті бейнелейтін, ені 4,5 метрге жететін механикалық алтын қанаттар. Арнайы механизм арқылы ашылатын қанаттар көрермендердің назарын аударды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, салтанатты киімді әзірлеуге алты ай уақыт жұмсалған. Шеберлер кестелерді қолмен тігіп, костюмді 10 мыңнан астам сәндік таспен безендірген. Образ табиғи қауырсындармен және ұзындығы бес метрлік етекпен толықтырылған.
«Қырғызстаннан көшірген»: желіде дау басталды
Алина Ридің сахнадағы образы көпшіліктің ықыласына бөленгенімен, әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды.
Бірі қазақстандық арудың киімін жоғары бағаласа, енді бірі оның 2025 жылы «Ғалам аруы» байқауында Қырғызстан атынан қатысқан арудың бүркіт бейнесіндегі қанатты костюміне ұқсайтынын алға тартты.
Кейбір қолданушылар қазақстандық дизайнерлерді идеяны көшірді деп айыптады. Алайда бұл пікірмен келіспегендер Қазақстанның 2018 жылы да халықаралық сұлулық байқауында қанатты ұлттық киім ұсынғанын еске салды.
Сондай-ақ желі қолданушылары қанат бейнесі халықаралық сұлулық байқауларында бұрыннан қолданылып келе жатқанын атап өтті. Мұндай элементтер Бельгия, Мысыр, Германия, Кения, Сербия және өзге де елдердің ұлттық костюмдерінде кездескен.
«Қанаттан басқа ешқандай ұқсастық жоқ»
Даулы мәселеге «Қазақстан аруы» байқауының директоры Рамина Ибрагимова да пікір білдірді. Ол екі елдің костюмдерін салыстырып, плагиат туралы айып тағуды негізсіз деп есептейді.
Оның сөзінше, қанат белгілі бір елге ғана тиесілі символ емес. Сондықтан мұндай элементтің екі костюмде кездесуі идеяның көшірілгенін дәлелдемейді.
Әлеуметтік желі қолданушылары да сәндік образ төңірегіндегі пікірталасты Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ұлтаралық дауға айналдырмауға шақырды.
Айта кетейік, биыл 75-рет ұйымдастырылып отырған «Ғалам аруы – 2026» байқауы Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласындағы Хосе Мигель Агрелот колизейінде өтіп жатыр. Финал 24 қарашаға жоспарланған. Байқауда 116 ел мен аумақтың өкілі бақ сынайды. Жеңімпазға тәжді былтырғы «Ғалам аруы» Фатима Бош табыстайды.