Төреғали мен экс депутат жарнамалаған: үлескерлер қаражатын ала алмай жүр
Жәбірленушілерге келтірілген 3 миллиард теңгеден астам шығын әлі толық өтелмеген.
Алматыда атышулы MAX BET PV 2 компаниясына ақша салған үлескерлер тағы да бас көтерді. Тұрғын үй аламыз деп үміттенген 300-ге жуық адам төрт жылдан бері салған қаражатын қайтара алмай келеді. Сот бес адамды кінәлі деп танып, әрқайсысына 6 жыл 8 айдан жаза тағайындаған. Алайда жәбірленушілерге келтірілген 3 миллиард теңгеден астам шығын әлі толық өтелмеген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Үлескерлердің айтуынша, сот кінәлілерден келтірілген шығынды өндіру туралы шешім шығарғанымен, сотталғандардың атына тіркелген мүлік табылмаған. Соның салдарынан жәбірленушілер өз ақшасын қайтара алмай отыр.
Үлескер Нұржамал Байсақалова алаяқтыққа қатысы бар адамдардың мүлкі мен отбасының тұрмыс жағдайына қатысты сұрақтар көп екенін айтады. Оның сөзінше, қарапайым азаматтар баспана алу үшін жинаған қаржысынан айырылып, әлі күнге дейін әділдік іздеп жүр.
Алданған азаматтар компанияны жарнамалаған танымал тұлғалардың да жауапкершілігін қарауды талап етіп отыр. Үлескерлердің айтуынша, халықты жобаға инвестиция салуға шақырғандардың қатарында экс-депутат Дәулет Мұқаев, әнші Төреғали Төреәлі және әзілкеш Нұрболхан Шарапов болған.
Сонымен қатар жәбірленушілер компанияның тек басшылары ғана емес, сатушы менеджерлері, бухгалтерлері, кассирлері және құрылысқа бөлінген жерге қатысы бар тұлғалардың да әрекетіне құқықтық баға беруді сұрайды.
Мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімдігі арнайы комиссия құрған. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың қаражатын қайтару мақсатында инвесторлар тартылған. Әзірге 12 үлескер ақшасын қайтарып алған.
Алматы қаласы Құрылыс саласында бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаевтың айтуынша, әкімдік инвестормен бірлесіп, халықтың салған қаражатын қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Дегенмен 3 миллиард теңгеден астам шығынның қашан толық өтелетіні әзірге белгісіз. Ал баспана аламыз деп бар қаражатын салған жүздеген азамат үшін мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр.