Қазақстанда болашақ атом электр станциялары үшін уранның стратегиялық қоры құрылады
Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін атом электр станцияларының қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған уранның мемлекеттік стратегиялық қорын қалыптастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, бастама Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасына енгізілген.
Уранның стратегиялық қорын құру елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және отандық атом энергетикасының ұзақ мерзімді қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар «Мойынқұм» атом электр станциясы жобасына қатысты үкіметаралық келісімді 2027 жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланып отыр.
Бұл бастамалар Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттырып, болашақта электр энергиясына деген сұранысты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.