Жаңбыр мен қар, тұман: 2 қарашада ауа райы қандай болады?
Бүгін, 2 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда солтүстік және шығыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жаңбыр мен қар жауады. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады.
Елдің солтүстігі мен оңтүстік-шығысында жел күшейеді. Түнгі және таңғы уақытта жекелеген аумақтарда тұман түседі деп күтіледі.
Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарында түнде ауа температурасы 1–8 градус аязға дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін.
Бірқатар өңірде өрт қаупі де сақталады. Атап айтқанда, Ұлытау облысының батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі болжанған.
Астанада күн көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Күндіз ауа температурасы 6–8 градус жылы болып, солтүстік-батыстан секундына 3–8 метр жылдамдықпен жел соғады.