Wildberries: қазақстандық кәсіпкерлердің шығыны өтеле ме: Арман Шаққалиев не дейді
«Мемлекет тарапынан қолымыздан келетін барлық құралдарды пайдаланамыз".
Ресейдегі Wildberries логистикалық қоймасында болған өрттен кейін қазақстандық кәсіпкерлердің шығыны қалай өтеледі? Бұл мәселеге Қазақстан тарапы қандай деңгейде араласуы мүмкін? Журналистер Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен мемлекет тарапынан қандай құқықтық немесе дипломатиялық тетіктер қарастырылып жатқанын сұраған еді.
Министрдің айтуынша, оқиға Қазақстан аумағында болмағандықтан, мұндай жағдайда мемлекет қолдана алатын құқықтық тетіктер шектеулі. Сондай-ақ қазіргі уақытқа дейін ведомствоға қазақстандық кәсіпкерлерден ресми өтініш түспеген.
Qaz365.kz тілшісі министрден мұндай жағдайда жауапкершілік толықтай кәсіпкерлердің мойнында қала ма және Қазақстан тарапы Wildberries немесе Ресей тарапымен дипломатиялық деңгейде мәселе көтеруді жоспарлап отыр ма деген сауал қойды.
Министр мемлекет өз құзыреті шегінде әрекет ететінін, алайда мұндай дауларда кәсіпкер мен маркетплейс арасында жасалған келісімшарт талаптарының шешуші рөл атқаратынын айтты.