Зейнеткерді алаяқтан құтқарған курьер марапатқа ие болды
Ал Нартай Есімханов сол сәтте жүрек қалауымен әрекет еткенін айтады.
Алматыда зейнеткер әйелді алаяқтардан құтқаруға көмектескен курьер Нартай Есімхановты марапаттау рәсімі өтті. Оның қырағылығы мен азаматтық ұстанымы қылмыстың алдын алуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Еске салсақ, кезекті тапсырысты орындау барысында курьер зейнеткерден жеке заттары салынған пакетті қабылдап алған. Алайда әйелдің мазасызданып тұрғаны және пакет ішінде не бар деген сұраққа нақты жауап бермеуі оның күдігін туғызған.
Жағдайдың күмәнді екенін аңғарған Нартай жеткізуді жалғастырмай, бірден полицияға хабарлаған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері зейнеткердің кең таралған телефон алаяқтығының құрбаны болғанын анықтады.
Алаяқтардың сөзіне сенген әйел 3 мың АҚШ долларын джинсы шалбарының қалтасына салып, пакетті курьерге берген. Курьердің дер кезінде хабарлауының арқасында қылмыстық әрекеттің жолы кесіліп, зейнеткердің барлық қаражаты өзіне қайтарылды.
Азаматтық жауапкершілігі мен белсенді өмірлік ұстанымы үшін Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов курьерге алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
Ал Нартай Есімханов сол сәтте жүрек қалауымен әрекет еткенін айтады.
Сондай-ақ Нартай жеткізу қызметінде еңбек ететін әріптестерін бейжай қалмауға шақырды.