Орал қаласындағы «Арна» демалыс базасында суға батып кеткен алты жасар баланың өліміне қатысты ресми мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz, Bairaq Media-ға сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 25 шілде күні болған. Демалушылардың көп болуына байланысты көлдің суы лайланып, баланы бірден байқау мүмкін болмаған. Ол шамамен 2-3 минут су астында жатқан. Кейін құтқарушы оны жағадан шамамен бір жарым метр жерден тауып, судан алып шыққан.
Құтқарылған сәтте баланың тамыр соғысы болған. Оқиға орнында куәгерлер мен медицина қызметкерлері оған алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем келгенге дейін реанимациялық шаралар жүргізген.
Бала ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, оның өкпесі толықтай суға толып, ауыр тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі дамыған.
Дегенмен барлық реанимациялық шаралар мен жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанына қарамастан, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Келесі күні таңертең баланың биологиялық өлімі тіркелді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






