Театр кейде көрерменге тек оқиға айтып бермейді. Ол қоғамның ішіне бүккен жарасын ашып, айтылмай жүрген ақиқатты сахна тілімен сөйлетеді. Әсіресе, адам жанының қалтарысында қалған қорқыныш, жалғыздық, күйзеліс пен тәуелділік секілді күрделі тақырыптар өнер кеңістігінде өзгеше әсермен көрінеді. Астанадағы А.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының жаңа премьерасы – «Тәуелді» драматерапиясы дәл осындай ауыр да өзекті мәселені арқау етеді. Спектакль бұл құбылысты бір адамның ғана басындағы қасірет ретінде көрсетпейді. Керісінше, тәуелділіктің тұтас отбасының тынысын тарылтып, жақындардың арасындағы сенімге сызат түсіретін, адамның ішкі әлемін күйрететін әлеуметтік-психологиялық дерт екенін алға тартады.
Қойылымда әртүрлі тәуелділіктің шырмауына түскен жандардың тағдыры тоғысады. Олар бір терапиялық ортада кездесіп, өз өміріндегі ең ауыр сәттерді еске алады. Бірінің жанын жаралаған жалғыздық болса, енді бірін өткен күннің өкініші, балалық шақтан қалған жара, ішке жұтылған мұң қажытады. Кейіпкерлердің сыр ашуы арқылы көрермен тәуелділіктің сырт көзге көрінетін әрекеттен әлдеқайда тереңде жатқанын аңғарады.
«Тәуелді» қойылымы деректі театр мен драматерапия тәсілдерін ұштастыра отырып жасалған. Мұнда тәуелділік адамның әлсіздігі немесе жай ғана жаман әдеті ретінде түсіндірілмейді. Спектакль авторлары оның түп-тамырын психологиялық жарақаттан, дер кезінде айтылмаған мұңнан, шешілмей қалған ішкі қайшылықтардан іздейді. Сондықтан бұл шығарма көрерменге дайын үкім айтпайды, керісінше, ойлануға, себепке үңілуге, адамды айыптаудан бұрын түсінуге шақырады.
Қойылымның негізгі өзегі – адамның өз мәселесін мойындай алуы. Өйткені тәуелділіктен арылу жолындағы алғашқы қадам да дәл осы мойындаудан басталады. Сахнадағы кейіпкерлер өз-өзімен арпалысады, өткеніне қайта оралады, жан жарасының қайдан басталғанын түсінуге тырысады. Осы ішкі күрес көрерменді де бейжай қалдырмайды. Спектакль сырттағы біреудің тағдырын ғана емес, әр адамның өз ішіндегі үнсіз сұрақтарын да қозғайды.
Пьесаның авторы әрі қоюшы режиссері – Нұржігіт Мүсілім. Шығармашылық жолын актерліктен бастаған ол кейінгі жылдары режиссерлік және драматургиялық қырынан танылып келеді. Көрерменге оның «Менің мұңым» және «Есте сақта» қойылымдары жақсы таныс. Бұл спектакльдерде де автор адам жанының нәзік иірімдерін, ішкі күйзеліс пен қоғамдағы үнсіз проблемаларды сахна тілімен жеткізуге ұмтылған еді. Нұржігіт Мүсілімнің шығармашылық ізденісі халықаралық және отандық театр кеңістігінде де назарға ілігіп жүр. Театр репертуарындағы «Жылы мұң» драмасына негіз болған «Менің мұңым» пьесасы 2026 жылы Еуропалық театр аудармасы желісі Eurodram іріктеуінде үздік шығармалар қатарынан көрінді. Сондай-ақ оның жетекшілігімен «Әштен», «Кішкентай ханзада», «Асан мен Үсен», «Армандар орындалады» спектакльдері сахналанды. Ал Ozgeepic еркін шығармашылық алаңында қойылған «Есте сақта» жұмысы да көрермен ықыласына бөленді. Жаңа «Тәуелді» пьесасының Drama.KZ 2026 заманауи драматургия фестивалінің шорт-парағына еніп, үздік 12 шығарманың қатарынан табылуы да бұл тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Режиссердің айтуынша, тәуелділік мәселесі соңғы жылдары қоғам үшін аса маңызды тақырыпқа айналды. Бастапқыда шығармашылық топ спектакльде тәуелділіктің алты түрін қамтуды ойлаған. Алайда дайындық барысында олардың әрқайсысын терең ашу үшін жеке кеңістік пен уақыт қажет екенін түсінген. Сондықтан қойылымда лудомания, ойынға тәуелділік және есірткіге тәуелділік мәселелеріне басымдық берілген.
– Біз бұл тақырыпты сырттай бақылаушы ретінде ғана көрсеткіміз келген жоқ. Дайындық кезінде психологтермен кездесіп, тәуелділікке ұшыраған адамның ішкі күйін, оның психологиясына әсер ететін себептерді тереңірек түсінуге тырыстық. Көп жағдайда мұндай жағдайдың ар жағында балалық шақтағы жарақат, шешілмеген мәселе, ұзақ уақыт іште тұншыққан ауыр сезім жатады. Сондықтан спектакльді драматерапия деп атадық. Біз көрерменге дайын жауап бермейміз. Керісінше, оны кейіпкерлермен бірге ойлануға, сезінуге шақырамыз. Камералық форматтың таңдалуы да бекер емес. Ол актер мен көрермен арасындағы арақашықтықты қысқартып, бәрін бір терапиялық кеңістікке жинайды. Шетелдік тәжірибеде драматерапия тәуелділікке тап болған адамдармен жұмыс істеудің тиімді әдістерінің бірі ретінде қолданылып жүр. Біздің мақсатымыз – осы мәселенің алдын алу туралы ой салу және қоғамның мұндай адамдарға түсіністікпен қарауына ықпал ету, – дейді Нұржігіт Мүсілім.
Актерлер де бұл қойылымның жауапкершілігі бөлек екенін айтады. Себебі мұндағы әр кейіпкер белгілі бір тәуелділіктің символы ғана емес, сол күйге жеткізген тағдырдың, жараның, ішкі бос кеңістіктің көрінісі. Сондықтан сахнадағы әр сөз, әр үнсіздік, әр қимыл кейіпкердің жан дүниесінен шығуы керек.
«Тәуелді» – бір адамның ғана оқиғасы емес. Бұл – бүгінгі қоғамға қойылған сұрақ. Біз тәуелділікке ұшыраған адамды кінәлауға бейімбіз. Ал спектакль көрерменді басқа қырынан ойлануға шақырады: оның сол күйге түсуіне не себеп болды, ол қай жерде қолдаусыз қалды, жан жарасын кімге айта алмады? Осы сауалдар қойылымның салмағын арттырып, оны жай спектакль емес, көрерменмен ашық диалогқа құрылған әлеуметтік туындыға айналдырады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





