Шымкентте сегіз баланың анасы өрттен қаза тапты
Қайғылы жағдай қала іргесіндегі Қайнарбұлақ шағын ауданында болған.
Шымкентте жеке үйден өрт шығып, сегіз баланың анасы өрттен қайтыс болды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай қала іргесіндегі Қайнарбұлақ шағын ауданында болған. Перзенттерінің көз алдында отқа оранған ананы аман алып қалу мүмкін болмады. Ауруханада ажал құшқан келіншек күйеуімен бірге үйде көрпе-төсек тігіп нәпақа тапқан екен.
Үй ауласындағы бейнекамераға жазылған бұл кадрларды бей-жай қарау мүмкін емес. Жалын ішінен жүгіріп шыққан келіншек денесінің 80%-ын күйік шалғанын да түсінбеген секілді. Ал далада қалған күйеуі оны құтқарамын деп жалаң аяқ от кешіп, әйеліне жүгіре бергенін айтады.
Сегіз баласы бар Боранбаевтар отбасы көрпе-төсек тігіп, нәпақа тауып отырған. Үйдің ауласынан цех ашып, жұмыс істеген екен. Куәгерлердің айтуынша, алдымен мақта өртеніп, санаулы сағаттар ішінде баспананың күллі көкке ұшқан.