«Атқаратын қызметтері бойынша конгломератқа айналып кеткен" – Сенат Төрағасы ӘКК жұмысындағы жүйесіздікті сынға алды
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың мандаты жүйесіз емес, нақты болуға тиіс. Ол әкімдіктердің қалауына тәуелді құрылымға айналмауы керек. ӘКК-нің функциялары мен олардың қайтарымы айқын белгіленуі қажет. Бұл жөнінде Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау барысында айтты.
Сенат Төрағасы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін нақты айқындау және мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ӘКК-лер жеңілдетілген несие беруден бастап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, инвесторларды қолдау, инфрақұрылымды дамыту сияқты әкімдіктер жүктеген кез келген міндетті атқара береді.
«Жалпы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың мандаты заңнамалық түзетулер мен қабылданған тәсілдерге сәйкес айқындалуы керек. Қазір ӘКК әкім не тапсырса, соның бәрімен айналысады. Мысалы, кейбір өңірлерде олар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жылдық 2 пайызбен несие береді. Біз мұндай қолдау қажет емес деп отырған жоқпыз, керісінше қажет. Бірақ оны қандай тетік арқылы жүзеге асыру керек деген мәселе бар. Бұдан бөлек, ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырумен айналысады: өнімді егін жиналған кезде тиімді бағамен сатып алып, тапшылық туындаған кезеңде нарыққа шығарады. Сонымен қатар инвесторларды қолдайды, инвестициялық жобаларға бірлескен инвестор ретінде қатысады. Бұдан өзге де түрлі функцияларды атқарып отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы ӘКК-лердің біртіндеп қаржы институттарына ұқсас құрылымға айналуы олардың негізгі миссиясын нақтылауды талап ететінін айтты. Бұл бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын және қайтарымының жоғары болуын қамтамасыз ету үшін қажет.
«Осылайша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар барлық жұмыспен айналысатын болып шықты. Енді олар қаржы институттарының функцияларын да өз мойнына ала бастады. Сондықтан бұл мәселеде нақты ұстаным қажет. Себебі, бұл – мемлекет қаражаты. Ол жергілікті бюджеттен және республикалық бюджеттен берілетін трансферттер арқылы да бөлінеді. Осы орайда ӘКК-нің басты міндетін және оның қызметінен қандай нақты нәтиже күтілетінін айқындап алу керек. Егер негізгі міндет инвестиция тарту болса, онда күш-жігерін сол бағытқа жұмылдырсын. Ал, қазіргідей әкімдіктердің шешіміне қарай әртүрлі міндеттерді қатар атқара берсе, жүйесіздікке алып келеді. Мұндай жағдайда олардың жұмысының тиімділігін бағалау және мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру қиынға соғады», – деді Мәулен Әшімбаев.