Елімізде ерте тұрмысқа шығатын қыздардың саны азаймай тұр. Сарапшылар мұны ерте жүктілік мәселесімен байланыстырып, қалыптасқан ахуалға жіті назар аудару қажет екенін айтады. Бұл туралы Ranking.kz зерттеу жасады.
Qaz365.kz сайтының айтуынша, «2024 жылы Қазақстанда 123,6 мың жұп некеге тұрған. Солардың қатарында 616 кәмелетке толмаған қыз және 18–19 жастағы тағы 16,8 мың бойжеткен бар. Мұны жас жүректердің махаббат хикаясы деп қабылдауға келмейді. Себебі қыздардың басым бөлігі өз қатарластарымен емес, жасы үлкен азаматтармен шаңырақ көтерген», – деп жазылған зерттеуде.
Сарапшылардың мәліметіне қарасақ, дәл осы кезеңде жас жігіттер арасындағы көрсеткіш мүлде басқаша болған. Некеге тұрған кәмелетке толмаған ұлдардың саны небәрі 64 адам болған. Бұл қыздармен салыстырғанда шамамен он есе аз. Ал 18–19 жаста отбасын құрған жігіттердің саны 3 мыңға да жетпеген, яғни бойжеткендерден алты есеге жуық төмен.
«Айта кетерлігі, 18 жасқа толмай тұрмысқа шыққан екі қыз үшін бұл алғашқы неке болмаған. Сондай-ақ 18–19 жастағы 80 қыз да бұрын некеде болған. Ал жас жігіттер арасында мұндай жағдай жеті адамға ғана қатысты болды және олардың барлығы кәмелет жасына толған азаматтар еді», – деп жазды зерттеу авторлары.
Зерттеу деректері ерте неке мен ерте жүктілік көрсеткіштері өзара байланысты екенін аңғартады. 2025 жылы Қазақстанда 15–19 жас аралығындағы қыздар арасындағы туу көрсеткіші әр мың қызға шаққанда 12,96 болған. Қалада бұл көрсеткіш 10,4 болса, ауылдық жерлерде 16,63-ке жеткен.
Өңірлер бойынша алғанда жасөспірімдер арасындағы ең жоғары туу көрсеткіші Жамбыл облысында тіркелген – 19,67. Одан кейін Маңғыстау облысы – 18,87 және Түркістан облысы – 18,51 көрсеткішімен тұр. Сарапшылар мұны алаңдатарлық жағдай деп бағалайды.
Сонымен қатар 2025 жылы 10–14 жас аралығындағы қыздар арасында да босану фактілері тіркелген. Мұндай жағдайлар Ұлытау облысында (әр мың қызға шаққанда – 0,1), Қарағанды облысында (0,05), Қостанай облысында (0,03), сондай-ақ Жамбыл, Ақтөбе және Түркістан облыстарында (әрқайсысында 0,02) байқалған.
Ал некеге алғаш тұрғандардың орташа жасына назар аударсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұжырымдары растала түседі. Ерте жастағы бала туу көрсеткіші жоғары өңірлерде қыздардың алғаш рет тұрмыс құру жасы да төмен болып отыр. Мұндай өңірлер қатарына Түркістан облысы (22,8 жас), Жамбыл облысы (23,8 жас) және Маңғыстау облысы (23,9 жас) жатады.
«Бір қызығы, қыздар арасындағы ерте неке көрсеткіші ер азаматтарда дәл сондай үрдіспен қабыса бермейді. Мәселен, Жамбыл облысында ерлердің алғаш некеге тұруының орташа жасы 27 жас. Бұл әйелдер көрсеткішінен 3,2 жасқа жоғары. Ал республика бойынша орташа айырмашылық 2,7 жас қана. Оның үстіне бұл өңір ерлер ең ерте үйленетін облыстардың қатарына кірмейді», – дейді сарапшылар.
Олардың пікірінше, мұндай айқын гендерлік алшақтық некеге тұру жасына әсер ететін әлеуметтік әрі мәдени ерекшеліктердің бар екенін аңғартады. Сонымен қатар ерте некенің медициналық та, әлеуметтік те қатері аз емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, табысы төмен және орташа табысты елдерде жыл сайын 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады. Оның шамамен жартысы жоспарланбаған жүктілікке тап келеді. Ұйым ерте жүктілік пен босануға байланысты асқынулар 15–19 жастағы қыздардың өлім-жітімінің негізгі себептерінің бірі екенін атап өтеді.
Сондықтан ерте жүктілік пен жасөспірімдердің босануына, әсіресе зорлық-зомбылыққа қатысы болуы ықтимал жағдайларға, сондай-ақ ерте неке мәселесіне қоғам мен жауапты мекемелер тарапынан ерекше назар аударылғаны жөн.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






