бейсенбі, 18 маусым, 2026 10:54

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

АҚШ пен Иран алдын ала бейбіт келісімге қол қойды

АҚШ пен Иран алдын ала бейбіт келісімге қол қойды
Фото: trend.az
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран Сыртқы істер министрлігі Иран мен АҚШ алдын ала бейбіт келісімге қол қойғанын растады.

Өзара түсіністік туралы 60 күндік меморандум барлық майданда, соның ішінде Ливанда әскери іс-қимылдарды тоқтатуды, Тегеранға қарсы санкцияларды алып тастауды және Иранды қалпына келтіру қорын құруды көздейді. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды Қазақпарат.

 

– Оған қол қойылды. Версальда қол қойылды. Мен оған жаңа ғана қол қойдым, – деп растады Трамп Франция президенті Эмманюэль Макронмен Версаль сарайындағы кездесуден кейін.

Сонымен бірге Трамп Иран өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда шабуылдарды қайта бастайтынын тағы да ескертті.

Меморандумға Иран президенті Масуд Пезешкиан да қол қойды.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль бастаған Иранға қарсы соғыс мыңдаған адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың басым бөлігі Иран мен Ливанда болды. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге және Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарына шабуыл жасады. Қақтығыс Иранның Ормуз бұғазын іс жүзінде жабуына байланысты ауқымды энергетикалық дағдарыс туғызды.

Сәрсенбі күні АҚШ әкімшілігінің өкілдері Эвианда өткен «Үлкен жетілік» елдерінің кездесуі барысында журналистерді жинап, оларға 14 тармақтан тұратын меморандум мәтінін оқып берді. Келісім сәуірде жарияланған атысты тоқтату режимін тағы 60 күнге ұзартады. Бұл тараптарға түпкілікті бітім туралы келісімге келуге мүмкіндік беру үшін жасалып отыр. 

Трамп та, оның командасының мүшелері де әзірге бұл тек меморандум екенін және оның ережелері Иран «өзін дұрыс ұстаса» ғана орындалатынын ерекше атап өтті. Трамп екі айлық мерзім ішінде түпкілікті келісімге қол жеткізілмесе, Иранға қарсы жаңа бомбалаулар жасау мүмкіндігін тағы да жоққа шығарған жоқ.

Меморандум мынадай негізгі тармақтарды қамтиды:

Өңірдегі әскери іс-қимылдарды толық тоқтату. «Ливанды қоса алғанда барлық майданда әскери операцияларды дереу және түпкілікті тоқтату»;

АҚШ-тың Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын 30 күн ішінде тоқтатуы және түпкілікті бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде америкалық күштердің Иран шекарасынан әкетілуі;

Ормуз бұғазын ашу. Бұғаз арқылы кемелердің 60 күн бойы бажсыз өтуіне рұқсат беріледі. Осыдан кейін Иран, АҚШ әкімшілігі өкілінің айтуынша, «Оманмен ғана емес, Парсы шығанағындағы басқа мемлекеттермен де бірлесіп Ормуз бұғазы бойынша неғұрлым кең әрі ұзақ мерзімді келісім әзірлейді»;

Иранды қалпына келтіру және дамыту үшін 300 млрд доллар бөлу. АҚШ өңірдегі серіктестерімен бірге көлемі кемінде 300 млрд доллар болатын «Иран Ислам Республикасын қалпына келтіру және экономикалық дамыту қорын» құруға уәде береді;

Тегеранға қарсы барлық санкцияларды алып тастау. АҚШ «Иран Ислам Республикасына қарсы санкциялардың барлық түрін жоятынын» мәлімдейді. Санкцияларды жою кестесі кейінірек келісіледі;

Иранның ядролық қаруға ие болмауы. АҚШ пен Иран соңғысының ешқашан ядролық қару жасамайтынына және сатып алмайтынына келісіп, Иранның байытылған уранын жою ісінде ынтымақтасатын болады.

BBC тілшісі Бернд Дебюссманның хабарлауынша, америкалық шенеуніктер журналистерді меморандуммен таныстырғаннан кейін тағы бір рет оның АҚШ үшін ешқандай міндеттеме жүктемейтінін және тармақтардың орындалуы Иранның іс-әрекетіне байланысты болатынын атап өтті.

Сонымен қатар олар 300 млрд долларлық қорға қатысты АҚШ-тың оған қаржы салуға міндеттеме алмайтынын айтты. Вашингтон тек өңірдегі серіктестерімен бірге көлемі кемінде 300 млрд доллар болатын Иранды қалпына келтіру және дамыту жоспарын әзірлеуге уәде береді.


 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар