Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева жұбайымен бірге жол апатынан қаза тапты
- авторОймақ
- Бүгін, 11:47
- 110
Қаралы хабарды марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов жеткізді. Оның айтуынша, ерлі-зайыпты Астанадан таңғы сағат төрт шамасында жолға шығып, қыздары Алтынайдың мектеп бітіру кешіне бара жатқан. Сол күні Алтынай үздік оқу үлгерімін растайтын қызыл аттестат алуға тиіс болған.
Қайғылы оқиға туралы таңертең туыстарына марқұмдардың ұлы Нұрсұлтан хабар берген. Алдын ала мәлімет бойынша, апат Атбасар мен Есіл қалаларының арасындағы жол учаскесінде болған.
Айта кетейік, Салтанат Өтелбаева Қазақстанның мәдениет саласында кеңінен танылған тұлға. Ол тарих ғылымдарының магистрі, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі атанған. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейдің директор орынбасары қызметін атқарған.
Айтыскер ақын ретінде де елге танылған Салтанат Өтелбаева республикалық және өңірлік айтыстарға қатысып, түрлі шығармашылық байқаулардың жүлдегері атанды. Ол қазақ айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.
Әріптестері мен жақындары оны парасатты, ашық мінезді, адамгершілігі мол жан ретінде еске алып жатыр.
Қазір жол апатының мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






