Ангелина Лукас Шайдоров оқиғасынан кейін Президентке үндеу жасады
Кәсіпқой боксшы, IBO нұсқасы бойынша екі дүркін әлем чемпионы Ангелина Лукас Қазақстан Президентіне видеоүндеу жолдады.
Бұған мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақы мәселесі себеп болған. Лукастың айтуынша, мұндай жағдаймен тек Михаил Шайдоровтың емес, өзге де спортшылар басынан өткен. Алайда олардың көбі ашық айтуға қорқады.
Ангелина Лукас 2021 жылы ұлттық құрама сапында болған кезеңді де еске алды. Оның сөзінше, халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетіп, Олимпиадаға үміткерлердің бірі саналғанына қарамастан, спорттық құрылымдар тарапынан қысымға ұшыраған.
Боксшының айтуынша, оны халықаралық жарыстарға жібермеуге тырысқан, өтінім беруде қиындықтар туындаған, кейін түрлі тексеріс басталып, құрамадан шеттету әрекеттері жасалған.
Ақырында ол ұлттық құрамадан кетіп, кәсіпқой боксқа ауысқан.
Спортшы өз жетістіктерінің Қазақстанда жеткілікті деңгейде айтылмайтынына да шағымданды. Ангелина Лукас IBO титулын иеленіп, WBC рейтингінде көш бастағанын және шетелде бірнеше титулдық жекпе-жек өткізгенін атап өтті.
Оның сөзінше, табыстарына қарамастан, өзіне қарсы әлеуметтік желіде теріс ақпараттық науқандар мен тапсырыспен жазылған пікірлер ұйымдастырылады.
Ангелина Лукас Президенттен спортшылардың жағдайына назар аударуды және абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өтуі мүмкін жекпе-жек алдында қолдау көрсетуді сұрады.
Ол мемлекет барлық спортшыға бірдей қарауы керек деп санайды. Сондай-ақ саладағы мәселелерді ашық айтқан атлеттерге қысым жасауға жол берілмеуге тиіс.
Мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.
Шайдоровтың сөзінше, Олимпиададан кейін оның жалақысы жарияланғаны өзіне ауыр тиген. Ол мұны жеке еңбегін және отбасының, әсіресе әкесінің көп жылдық қолдауын құнсыздандыру ретінде қабылдаған. Спортшы Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайтынын, бұл жеңіске бірнеше жыл бойы жүйелі түрде еңбектеніп келгенін айтты.
Ал министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы өз кезегінде спортшыға қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін мәлімдеді. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған. Ведомство төлемнің кешігуі келісімшарт жобасын заңдық тұрғыдан келісу процесімен байланысты деп түсіндірді.
Дирекция сондай-ақ мемлекет Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі үшін өз міндеттемелерін орындайтынын, атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматыдан үш бөлмелі пәтер беру және заңнамаға сәйкес мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылғанын хабарлаған.