ЕАЭО елдері жасанды интеллект пен сауда мәселелерін талқылады
Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті.
Мемлекет басшысы жиын барысында бүгінгі күннің символдық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, дәл осыдан 12 жыл бұрын – 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан астанасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған.
Президенттің айтуынша, шағын форматтағы кездесу барысында сыртқы сауда, жасанды интеллектіні дамыту және өзге де өзекті мәселелер қаралады. Бұл тақырыптар бойынша талқылау бір күн бұрын өткен Еуразиялық экономикалық форум аясында басталған.
Кеңес отырысына Қазақстан Президентімен бірге Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Арменияның вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында интеграциялық бірлестіктің алдағы даму бағыттары мен экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралады.