Спорт

Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты министрлік түсініктеме берді

Туризм және спорт министрлігі Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты мәлімдемесіне пікір білдірді.

Ведомство өкілі ztb.kz желілік басылымына спортшыға 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы төлемдер толық көлемде аударылғанын айтқан. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, спортшыға 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы төлемдер толық көлемде аударылған. Ал кейінгі қаржыландыру жаңа келісімшартқа қол қою рәсіміне байланысты уақытша тоқтатылған.

Сонымен қатар Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы да жағдайға қатысты түсініктеме жариялады.

Дирекция директорының міндетін атқарушы орынбасары Оралхан Балмағамбетовтің айтуынша, әлеуметтік желілерде айтылып жүргендей, жарты жылдық жалақы қарызы туралы сөз қозғау дұрыс емес.

Балмағамбетовтың мәліметінше, спортшы Олимпиададан кейін елден тыс жерде демалыста болғандықтан құжаттарға дер кезінде қол қоя алмаған. Сонымен қатар келісімшарттағы кейбір тармақтарға қатысты сұрақтар туындаған.

Оның айтуынша, құжатта мемлекет қаржыландыратын спортшы қол жеткізуге тиіс нәтижелік көрсеткіштер белгіленген. Бұл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын тәсіл.

Дирекция өкілінің сөзінше, қазіргі таңда Михаил Шайдоровтың командасы мен бапкерлері келісімшартты толық қарап шығып, оның талаптарымен келіскен.

Еске салайық, бұған дейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық барысында қиындықтарға тап болғанын айтып, жыл басынан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеген болатын. Ал жауапты органдар мәселенің жаңа келісімшарттың рәсімделуіне байланысты туындағанын және төлемдер құжаттарға қол қойылғаннан кейін толық көлемде өтелетінін хабарлады.