жұма, 29 мамыр, 2026 17:31

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты министрлік түсініктеме берді

Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты министрлік түсініктеме берді
youtube.com/@balymbetov арнасының бейнекадр скрині
Туризм және спорт министрлігі Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты мәлімдемесіне пікір білдірді.

Ведомство өкілі ztb.kz желілік басылымына спортшыға 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы төлемдер толық көлемде аударылғанын айтқан. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, спортшыға 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы төлемдер толық көлемде аударылған. Ал кейінгі қаржыландыру жаңа келісімшартқа қол қою рәсіміне байланысты уақытша тоқтатылған.

Сонымен қатар Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы да жағдайға қатысты түсініктеме жариялады.

Дирекция директорының міндетін атқарушы орынбасары Оралхан Балмағамбетовтің айтуынша, әлеуметтік желілерде айтылып жүргендей, жарты жылдық жалақы қарызы туралы сөз қозғау дұрыс емес.

«Қаңтар және ақпан айларындағы барлық төлемдер толық көлемде жүргізілді. Наурыз бен сәуір айларына қатысты кідіріс бар, алайда оның объективті себептері бар. Миландағы Олимпиада ойындарынан кейін жаңа олимпиадалық цикл басталды. Соған сәйкес Михаил Шайдоровпен оның чемпион ретіндегі жаңа мәртебесін ескеретін, жақсартылған шарттардағы жаңа келісімшарт жасалуы керек болды», – деді ол.

Балмағамбетовтың мәліметінше, спортшы Олимпиададан кейін елден тыс жерде демалыста болғандықтан құжаттарға дер кезінде қол қоя алмаған. Сонымен қатар келісімшарттағы кейбір тармақтарға қатысты сұрақтар туындаған.

Оның айтуынша, құжатта мемлекет қаржыландыратын спортшы қол жеткізуге тиіс нәтижелік көрсеткіштер белгіленген. Бұл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын тәсіл.

«Мұндай жүйе Ұлыбританияда, Германияда, Кореяда жұмыс істейді. Мемлекет спортшыға жағдай жасап қана қоймай, нақты мақсаттарды да бекітеді. Осындай шарттар бойынша Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Елдос Сметов, Нұрбек Оралбай, Нариман Құрбанов, Назым Қызайбай және басқа да спортшылар жұмыс істеп келеді», – деді ол.

Дирекция өкілінің сөзінше, қазіргі таңда Михаил Шайдоровтың командасы мен бапкерлері келісімшартты толық қарап шығып, оның талаптарымен келіскен.

«Біз мемлекеттік бюджет қаражатымен жұмыс істейміз. Заңнамаға сәйкес екі тарап қол қоймаған келісімшарт негізінде төлем жүргізу мүмкін емес. Жаңа келісімшарт толық дайын. Ондағы шарттар бұрынғы келісімнен тиімдірек және чемпионның жоғары мәртебесін ескереді. Құжатқа қол қойылғаннан кейін барлық тиісті төлемдер бірден аударылады», – деді Оралхан Балмағамбетов.

Еске салайық, бұған дейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық барысында қиындықтарға тап болғанын айтып, жыл басынан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеген болатын. Ал жауапты органдар мәселенің жаңа келісімшарттың рәсімделуіне байланысты туындағанын және төлемдер құжаттарға қол қойылғаннан кейін толық көлемде өтелетінін хабарлады.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар