Адам өлтірді деген күдікті Ақтау әуежайында ұсталды
Ол 13 жыл бойы жасырынып жүрген.
Адам өлтірді деген күдікпен іздеу салынған, 13 жыл бойы жасырынып жүрген күдікті Актау әуежайында қашпақ болған кезінде ұсталды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан мен Ресей құқық қорғау органдарының халықаралық ынтымақтастық аясындағы бірлескен жұмысы барысында іздеуде жүрген екі ер адам қолға түсті.
Күдіктілердің бірін Ақтау әуежайында көліктегі криминалдық полиция қызметкерлері ұстады. Ер адам Баку қаласына ұшып кетпек болған. Ұсталғаннан кейін ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу мәліметінше, 2012 жылы Ресей Федерациясының Калуга қаласында күдікті жанжал кезінде үй иесінің басынан шабатын затпен үш рет соққы жасаған. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмған. Осыдан кейін ер адам бой тасалап, мемлекетаралық іздеуге жарияланған.
Іздеуде жүрген тағы бір адамды Владикавказ қаласында ресейлік полиция қызметкерлері ұстады. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы болып шықты.
ІІМ мәліметінше, Қазақстан мен Ресей құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы әділ соттан жасырынған адамдарды тиімді анықтап, ұстауға мүмкіндік береді әрі қылмыспен күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтады.