Әлем

Хантавирустан қандай қауіп бар: ДДҰ жауап берді

Кабо-Верде бағытындағы круиздік кемеде хантавирус өршіп, үш адам көз жұмды

Аргентинадан Кабо-Верде бағытына шыққан MV Hondius круиздік кемесінде хантавирус індеті тіркелді. Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары қазір инфекцияның әрі қарай таралуын болдырмау шараларын қолға алған.

Шамамен 150 жолаушы мен экипаж мүшесі болған кеме 1 сәуірде сапарға шыққан. Мамыр айының басында бортта хантавирус жұқтырғандар анықталған. 6 мамырдағы мәлімет бойынша, үш адамның вирус жұқтырғаны расталып, тағы бес адам күдікке ілінген. Ауру жұқтырғандардың үшеуі қайтыс болған.

Мамандардың айтуынша, хантавирус көбіне тышқан мен егеуқұйрық секілді кеміргіштердің бөлінділері арқылы таралады. Адамнан адамға жұғу сирек кездескенімен, мұндай қауіп толық жоққа шығарылмайды. Әсіресе Andes штаммы аса қауіпті саналады. Ол адамдар арасында таралып, өлім көрсеткіші 50 пайызға дейін жететін ауыр инфекция туындатуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Аргентина билігі қазір инфекцияның қайдан шыққанын анықтап, жолаушылармен байланыста болған адамдарды тексеріп жатыр. Инкубациялық кезең сегіз аптаға дейін созылуы мүмкін болғандықтан, вирус жұқтырғандардың қозғалысы түгел бақылауға алынған.

Қазіргі уақытта науқастар Еуропадағы ауруханаларға эвакуацияланған. Ал өзге жолаушылар кеме бортында медициналық бақылауда қалып отыр.

ДДҰ әзірге індеттің әлем бойынша жаппай таралу қаупі төмен екенін мәлімдеді. Соған қарамастан, жабық кеңістіктегі тығыз байланыс вирустың таралу қаупін арттыратындықтан, кемеде қатаң санитарлық шаралар енгізілген.