"Өтекешова пәтер жалдап тұрады": Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында жазды
- авторОймақ
- Бүгін, 09:31
- 32
Белгілі журналист Дана Нұржігіт бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Журналистің айтуынша, Меруерт Өтекешова Астанада пәтер жалдап тұрады екен. Ол мұны «ақылға сыймайтын әділетсіздік» деп бағалады.
– Меруерт Өтекешованың Майя Бекбаеваға берген сұқбатын көріп, жүрегім қарс айырылды. Интеллигенция туралы айтқан сөзім Меруерттей апамыз сияқты адамдар туралы. Жаным,апам-ау! Сұлу келбет,нәзік болмысыңызға Аллам қаншама асыл қасиетті үйіп берсе, сынақты да аямай төккен екен-ау! Меруерт апамыздың қарапайым тіршілік кешіп жүргенін іштей сезетінмін. Бірақ,үй ішімен Астанада пәтер жалдап тұратыны үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін, ақылға сыймайтын әділетсіздік. Бұл сұқбат болмаса, ол айтпас та еді-ау айналайын! Сондықтан Баян Алагөзованың ай сайын жасаймын деген қаржылай көмегі бұл мәселенің бергі жағы ғана екен, – дейді Дана Нұржігіт.
Дана Нұржігіт актрисаның тек өнерімен ғана емес, ұлттық мұраға қосқан үлесімен де ерекшеленетінін атап өтті. Оның айтуынша, Қыз Жібек фильмінің көшірмесін сақтап, Мәскеудегі Мосфильм архивінен алдыртып, елге жеткізуі – үлкен ерлікке тең іс.
– Горбочевтың заманында қор ашып, бір тиынын шашпай “Қыз Жібек”фильмін Мәскеудегі Мосфильм архивінен қайта жаздыртып, поезбен алып келіп, үйінде сақтап, елге жеткізген ерлігін айтсаңызшы! Ал Астанада жас жұбайлар отбасылық өмірді әдемі рәсіммен бастайтын Қыз-Жібек пен Төлегенге қойылуы тиіс ескерткіш туралы идеясы қандай тамаша,– дейді журналист.
Дана Нұржігіт Меруерт Өтекешованың биыл 75 жасқа толғанын еске салып, оған лайықты жағдай жасау – қоғамның міндеті екенін айтты. Ол мұны тек мерейтоймен шектелетін құрмет емес, нақты әлеуметтік қолдауға ұласуы тиіс мәселе деп есептейді.
– “Мен бәрін жеңемін, өткеремін, бәрі жақсы болады!” деген қайсарлығыңыз өзіңізге деген аса үлкен сенімнен емес,өзіңізден басқа сенеріңіз жоқтан ғой,апау,асылым! Басқа шара жоқ! Меруерт Өтекешова биыл 75 жасқа толды. Менің анаммен жасты. Жер-жерлерде тойын тойлап, өнер адамдары қолынан келгенше атап өтіп, құрметтеп жатыр. Бірақ ең үлкен құрмет– Қыз-Жібегіміздің Ақ Отауын Хан түсетін Ақ шаңқайлы үй ету! Меруерт Қаратайқызының жағдайын жасау, барынша көмектесу. Бұл ұрпақ барға-қанағат,жоққа-шүкір деп өскен жанкешті ұрпақ. Жанына батып жатса да, үн қатып, алақан жаймайды, арланады. “Менен де жағдайы нашарлар бар ғой” дейді,– деп жазды ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






