Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік мүлік алдымен міндетті түрде мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынылады. Тек сол кезеңде сұраныс болмаса ғана, ол ашық сатылымға шығарылады.
Аталған жағдайда басымдық көлікті сатуға емес, мемлекеттік органға беруге берілген. 2026 жылғы 7 сәуірдегі хаттамаға сәйкес, өтінімдерді қарау қорытындысы бойынша жеңімпаз ретінде Астана қаласының полиция департаменті анықталған.
Енді 15 жұмыс күні ішінде көлік ресми түрде рәсімделіп, полицияның пайдалануына беріледі.
Аукцион кезеңінде бұл автокөлікті пайдалануға тиым (арест) салынғаны белгілі болған. Бұл шешім 2024 жылғы 19 қарашада Астананың мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен бекітілген.
Кейін, 2025 жылғы 25 шілдеде қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот Перизат Қайратқа қатысты үкім шығарып, мүлікті тәркілеуге байланысты шараларды қарастырды.
Заңнамаға сәйкес, мұндай мүлікке қатысты арестті алып тастау немесе сақтау мәселесін сот үкімді орындау барысында шешеді.
2026 жылғы 18 наурыздағы бағалау есебіне сәйкес, Mercedes-Benz S 450 техникалық тұрғыдан жақсы жағдайда.
Қосымша жөндеу қажет екені туралы ақпарат берілмеген.
Ал бұл люкс көлік нақты қандай мақсатта пайдаланылатыны әзірге нақтыланбады. Ведомство өкілдері мұндай шешімдер уәкілетті органдардың ішкі ережелеріне сәйкес қабылданатынын айтты.
2025 жылдың қыркүйегінде Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттан тәркіленген мүліктер аукционға шығарылатынын хабарлаған.
Олардың қатарында:
• Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй
• Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold және «Көк Жайлау» тұрғын кешендеріндегі бірнеше пәтер
• тұрақ орындары
Сондай-ақ қымбат автокөліктер де тәркіленді:
• Mercedes-Benz S450 (2024)
• Lexus LX 600
• Mercedes-Benz EQE
• Haval H6 GT
Бұдан бөлек, мемлекетке гүл бизнесіндегі 100% үлес, 97 миллион теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары берілген.
Тәркіленген заттардың ішінде брендтік көзілдірік, аяқ киім және аксессуарлар да бар.
Айта кетейік, Перизат Қайрат бұрынғы қоғам белсендісі және кәсіпкер. Ол үш жыл бойы Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорын басқарған.
2024 жылдың қарашасында ол 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған қаражаттың бір бөлігі жеке қажеттіліктеріне — элиталық жылжымайтын мүлікке, көліктерге және саяхаттарға жұмсалған.
Істе оның анасы Гайни Алашбаева да күдікті ретінде өткен.
Кейін Қайрат Палестинаға гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражатты да жымқырды деген күдікке ілінді.
2025 жылдың наурызында аталған қор сот шешімімен таратылды.
Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






