Президентпен кездесіп, ел назарын аударған бала «Qazaqstan» телеарнасында (видео)
- авторОймақ
- Бүгін, 12:25
- 21
Наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған еді. Сол сапарда «Ақорда» бағдарламасына 11 жастағы оқушы Бақдәулет Әмірбек сұхбат беріп, телеарна көрерменін тәнті еткен болатын. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұжымы талапты баланы елордаға арнайы шақырып, қонақ қылды.
Президентпен суретке түскен күні Бақдәулет «Мен «Qazaqstan» арнасының жүргізушілерін көргім келеді» деген арманын айтқан болатын. Осы сәт оның арманына қанат бітіріп, жолын ашты. Ол алғаш рет ұшаққа мініп, әкесімен Астанаға арнайы келді. Телеарна студияларын аралап, телеәлемнің тыныс-тіршілігімен танысты, тіпті «Ақпарат» студиясында суфлердан жаңалық оқып көрді. Өз еңбегімен жұмыртқа сатып жинаған қаржысына сыйлық та ала келіпті.
Бақдәулет – «Qazaqstan» және «Balapan» телеарналарының тұрақты көрермені. Кішкентай болса да қос арнаның бағдарламаларын, жүргізушілерін жатқа біледі екен. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ернұр Көшерханұлымен кездесіп, әңгімелесіп, экран сыртындағы өмірге деген қызығушылығымен бөлісті.
Камера артындағы өмір 11 жастағы оқушыға жат емес екені, арманына деген ұмтылысы айқын байқалады. Бәлкім, бүгінгі бала Бақдәулет болашақта кәсіби маман болып, қазір өзі үлгі тұтып жүрген журналистердің қатарынан көрінер.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





