Мейіржан Төребаев бостандыққа шықты: актердің отбасымен қауышқан сәті жұртты толқытты
Танымал қазақстандық актер әрі блогер Мейіржан Төребаев бостандыққа шықты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Актер ат үстінде түсірілген бейнежазбасын жариялап, оның астына философиялық ой-толғау қалдырған. Ол жазбасында еркіндік пен өмірлік сабақтар туралы ой бөлісіп, ішкі өзгерістерге тоқталған.
Сонымен қатар, ол бұл кезеңді «жан саяхаты» деп атап, өзімен оңаша қалып, өмірдің мәнін қайта саралауға мүмкіндік болғанын жеткізді.
Отбасы ерекше қарсы алды
Актердің бостандыққа шығуы оның отбасы үшін үлкен қуанышқа айналды. Әлеуметтік желіде тараған фото және видеолардан жақындарының оны ерекше ықыласпен күтіп алғанын көруге болады.
Үй іші мерекелік көңіл-күймен безендірілген: түрлі-түсті шарлар, жалаушалар және жүрек пішінді қағазға жазылған анасының жылы лебізі көпшілікті бейжай қалдырмады.
Жарияланған кадрларда Мейіржанның анасымен, балаларымен және туған-туыстарымен қауышқан сәттері бейнеленген. Әсіресе, анасына құшақ жайған сәті әлеуметтік желі қолданушылары арасында ерекше әсер қалдырды.
Дастарқан басына жиналған отбасы мүшелері қазақы дәстүрмен актердің оралуын атап өтті. Балаларының әкесін сағынып қарсы алғаны да анық байқалады.
Бұл сәттерге қатысты Төребаев тағы бір жазба қалдырды:
Осылайша, қоғамда қызу талқыланған істен кейін бостандыққа шыққан актердің өміріндегі жаңа кезең басталғаны байқалады.
Еске салайық, 2023 жылдың 23 маусымында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Мейіржан Төребаевты «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын құрды және басқарды деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сондай-ақ оған 5 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынған еді.