Қоғам

Таразда кәсіпкерден ақша талап еткен белсенді ұсталды

Ол өз қызметіне ақша талап еткен.

Таразда полицейлер әлеуметтік желілердегі жағымсыз пікірлерді өшіру үшін кәсіпкерден ақша талап етті деген күдікпен азаматтық белсендіні қолға түсірді, деп хабарлайды  Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.

Ол өз «қызметі» үшін 5 миллион теңге сұраған. Полиция мәліметінше, тәртіп сақшыларына Тараз қаласының тұрғыны арызданып, бопсалау фактісі туралы хабарлаған.

«Өтініш берушінің айтуынша, қоғамдық белсенді оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді әлеуметтік желілерде таратамын деп қорқытып, жарияланымнан бас тарту үшін 5 миллион теңге талап еткен. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері дереу сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Жедел іс-қимылдар нәтижесінде күдікті өтініш берушіге қысым көрсетуді тоқтату және бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған жағымсыз пікірлерді өшіру үшін берілген ақшаны алып жатқан жерінде, қылмыс үстінде ұсталды»,- деп хабарлады Жамбыл облыстық Полиция департаменті.

HALYQSTAN телеграм арнасының жазуынша, арызданушы  бірнеше компаниясы бар (біреуі коммерциялық қызмет пен басқару мәселелері бойынша кеңес берумен, екіншісі коммуникациялық жабдықтарды жөндеумен айналысады) кәсіпкер Т.А. екені белгілі болды.

Ол полицияға осы жылдың ақпан айында жүгінген. Содан бері тәртіп сақшылары 1975 жылы туған күдікті М.И.-ның үстінен жасырын тергеу амалдарын жүргізіп келген.

Ұсталған азамат бұрын сотты болған, қазір ресми түрде еш жерде жұмыс істемейді. Іс «Бопсалау» бабы бойынша қозғалды.

Айып тағылған бапқа сәйкес, оған 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.