Еуроодақ дүйсенбіде Ормуз бұғазына қатысты мәселені талқыламақ
Бұл туралы Euronews-ке мәселемен жіті таныс дереккөз хабарлады
Дүйсенбі күні Еуропалық Одақ елдерінің сыртқы істер министрлері Брюссельде кездесіп, "Аспидес" әскери-теңіз миссиясын Ормуз бұғазы бойынша кеңейту мәселесін талқыламақ. Бұл туралы Euronews-ке мәселемен жіті таныс дереккөз хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефул тиісті мәселе талқыланып жатқанын растағанымен, бұл операцияға елдің қатысатындығына күмән келтірді.
Euronews жазуынша, АҚШ еуропалық және азиялық серіктестеріне Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты қысымды күшейтіп отыр. Бұған энергия тасымалдау бағасының күрт өсуі себеп. Демалыс күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбритания, Франция, Қытай және Жапонияны Таяу Шығыс аймағына кемелерін жіберуге шақырған болатын.
Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі барлық мұнай тасымалының шамамен 20%-ы өтеді. Өткен аптада Тегеран бұғазды жауып тастайтынын мәлімдеген болатын.