Қоғам

Көрісу күні: наурызнаманың онкүндігі басталды

Биыл ел бойынша шамамен 1,5 мыңға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылмақ.

Қазақстанда ұлттық мереке Наурыз мейрамы қарсаңында кең көлемді Наурызнама онкүндігі басталды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Биыл ел бойынша шамамен 1,5 мыңға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылмақ. Әр күннің арнайы тақырыптық бағыты бекітіліп, ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді.

Онкүндік дәстүр бойынша 14 наурызда басталып, бұл күн Көрісу күні немесе Амал мерекесі ретінде аталып өтеді. Әсіресе бұл дәстүр Қазақстанның батыс өңірлерінде кең тараған. Бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, қол алысып, жаңа жылдың басталуымен құттықтайды. Туыстар, көршілер мен достар бір-бірінің үйіне барып, ақжарма тілектерін айтып, бұрынғы өкпе-реніштерді ұмытып, татуласуға тырысады.

Көрісу – үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіретін, адамдарды жақындастыратын маңызды дәстүр. Ол қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтып, жаңа жылды жақсы ниетпен қарсы алуға үндейді.

Биылғы мерекелік іс-шаралардың ерекшелігі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарының белсенді қолданылуы. Сонымен қатар ұлттық ойындар тек орталық алаңдарда ғана емес, қоғамдық орындарда, сауда үйлерінде және тұрғын үй кешендерінің аулаларында да ұйымдастырылып, мерекенің ауқымын кеңейте түседі.

Наурызнама онкүндігі аясындағы іс-шаралар халықтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, дәстүр мен заманауи технологияны ұштастыра отырып, мерекені жаңа деңгейде атап өтуге мүмкіндік береді.