Әлем

БҰҰ: Газа мен Батыс жағалауда этникалық тазалау жүргізілді

Құжатта Израиль билігінің әрекеттері этникалық тазалау белгілеріне ұқсайтыны айтылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі басқармасы жаңа баяндамасында Газа секторы мен Батыс жағалаудағы ахуалға алаңдаушылық білдірді.

Баяндаманы жасаушылардың мәліметінше, 2024 жылғы 1 қарашадан 2025 жылғы 31 қазанға дейінгі аралықта Газа секторында шабуылдар жиілеген. Тұтас аудандар қираған, гуманитарлық көмек жеткізуге кедергі жасалған. Бұл жағдай аймақта демографиялық құрамды түбегейлі өзгертуге бағытталған болуы мүмкін деген қауіп бар.

БҰҰ өкілдері бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтті. Сонымен бірге азаматтық инфрақұрылымның жаппай жойылуы және аштықтың таралуы палестиналықтардың өмір сүру жағдайын күрт нашарлатқан. Ұйым дерегінше, аштық салдарынан кемінде 463 адам көз жұмған, олардың 157-сі – балалар.

Батыс жағалауда, оның ішінде Шығыс Иерусалимде де жағдай күрделі деп бағаланған. Құжатта күш қолданудың заңсыз әрі жүйелі сипат алғаны, негізсіз тұтқындаулар, азаптау деректері және палестиналық үйлердің жаппай бұзылуы тіркелгені айтылған. Есептік кезеңде Израиль түрмелерінде 79 палестиналықтың қаза тапқаны құжатталған.

Сонымен қатар баяндамада ХАМАС пен басқа да палестиналық қарулы топтардың 2023 жылғы 7 қазанда ұсталған израильдік және шетелдік азаматтарды келіссөз құралы ретінде пайдаланып отырғаны сынға алынған. Босатылған кепілдегі адамдардың куәліктерінде азаптау, зорлық-зомбылық және ұзақ уақыт жер астында ұстау фактілері айтылған.

БҰҰ басқармасы оккупацияланған палестин аумағында адам құқықтары мен халықаралық гуманитарлық құқықтың өрескел бұзылуына қатысты жауаптылардың жазасыз қалып отырғанын мәлімдеді.

Ұйым мемлекеттерді Израильге қару-жарақ пен әскери техника жеткізуді тоқтатуға шақырып, Газа секторын қалпына келтіру үдерісіне палестиналықтардың тікелей қатысуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.