Саясат

Қазақстан Газаны қалпына келтіруге дайын - Президент

Қ.Тоқаев Қазақстан Газаға көмек беруге, 500 грант бөлуге және Ибраһим келісімдеріне қосылуға дайын екенін мәлімдеді.

Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Таяу Шығыс мәселесіне нақты қадаммен араласатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы елдің Газа секторын қалпына келтіруге қатысуға, палестиналық студенттерге 500-ден астам білім грантын бөлуге және Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдағанын жария етті.

Кездесу Donald Trump атындағы Бейбітшілік институтында өтті. Президент саммитті ұйымдастырғаны үшін АҚШ басшысына алғыс айтып, бұл жиын жай декларация қабылдайтын алаң емес, нақты әрекетке негізделген бастама екенін атап өтті.

Президент сондай-ақ халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға, далалық госпиталь ашуға және азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге дайын екенін айтты.

Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесі аясында арнайы награда тағайындауды да ұсынды. Бұл марапат Дональд Трамптың бейбітшілік бастамаларына көрсетілген құрмет ретінде қарастырылмақ.

Өз кезегінде Дональд Трамп Қазақстанды «керемет әрі бай ел» деп атап, Кеңеске қатысушы мемлекет басшыларын жаһандық деңгейдегі көшбасшылар деп сипаттады.

Жиын барысында Газа секторын қалпына келтірудің қаржылық және қауіпсіздік жоспары таныстырылды. Бас жоспарды Джаред Кушнер ұсынды. Қаржы тетіктері жөнінде Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга баяндады. Қауіпсіздік мәселесін халықаралық тұрақтандыру күштерінің жетекшісі генерал Джаспер Джефферс көтерді.