Спорт

Софья Самоделкина Олимпиадада жеке рекордын жаңартты

Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жарыс басталды. Қазақстандық спортшы Софья Самоделкина қысқа бағдарламаны мінсіз орындап, жоғары нәтиже көрсетті, деп жазады Oimaq.kz qrnews.kz порталына сілтеме жасап.

Самоделкина төрешілерден 68,47 балл алып, өзінің жеке рекордын жаңартты. Жарыс күнінің қорытындысы бойынша отандасымыз 12-ші орынға тұрақтады. Бұл нәтиже оған еркін бағдарламада соңғының алдындағы топта бірінші болып өнер көрсетуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, Софья мен үшінші орындағы спортшының арасындағы айырмашылық 8 ұпайдан сәл ғана асады.

Қысқа бағдарламадан кейінгі көшбасшылар:

Ами Накаи (Жапония) – 78.71;

Каори Сакамото (Жапония) – 77.23;

Алиса Лю (АҚШ) – 76.59.

Қазақстан Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда осымен екінші рет бағын сынауда. Бұған дейін 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында ел намысын Айза Мәмбекова мен Элизабет Тұрсынбаева қорғаған болатын.

Еске сала кетейік, 14 ақпанға қараған түні ерлер арасындағы жекелей сырғанауда сенсациялық нәтиже тіркелді. Қазақстандық Михаил Шайдоров негізгі фавориттердің қателіктері мен құлауы аясында еркін бағдарламаны мінсіз орындап, Олимпиаданың алтын медалін иеленді.

Софья Самоделкинаның шешуші еркін бағдарламасы 19 ақпанға жоспарланған.