Танымал блогер Жанәбіловтер үйқамаққа алынды
Ерлі-зайыпты заңсыз кәсіпкерлік жүргізіп, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды деген күдікке ілінген,
Қаржылық мониторинг агенттігі танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Толегеноваға қатысты қылмыстық істі тергеу жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді. Ерлі-зайыпты заңсыз кәсіпкерлік жүргізіп, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның дерегінше, айыпталушылар бақылауындағы Zhana Business ЖШС-нің есепшоттарына жалпы көлемі шамамен 250 млн теңге қаражат түскен. Оның 60 млн теңгеге жуығы депозиттік шоттарға салынған.
Сот санкциясымен блогерлердің мүлкіне тыйым салынды. Атап айтқанда, Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 көліктерін қоса алғанда 10 автокөлік, сондай-ақ 17 iPhone тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер үйқамақта отыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, блогерлер Instagram желісіндегі 15 млн-ға жуық жазылушысы бар аудиториясын пайдаланып, табыс табудың жүйелі тетігін құрған. Агенттік мәліметінше, олар бағалы сыйлықтар ұтысына қатысуға уәде бере отырып, ақылы онлайн-курстарды сатумен айналысқан.
2025 жылы таратылған бұл «оқыту материалдарының» нақты практикалық құндылығы болмаған және ішінара ашық дереккөздерден алынған. Сонымен қатар ұтыстарды ұйымдастыру кезінде ұсақ жүлделердің шығу ықтималдығы әдейі арттырылып, қымбат сыйлықтарды алу мүмкіндігі іс жүзінде шектелген.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың тамыз айында блогерлер автокөлік ұтысын жариялап, оған қатысуды тек ақылы курс сатып алған жағдайда ғана мүмкін еткен. Бұл әрекет қоғамда сын туғызып, мемлекеттік органдарға шағымдардың түсуіне себеп болды. Себебі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лотерея өткізу құқығы тек ресми ұйымдастырушыларға берілген.
Алдымен сот оларды әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Кейін олардың әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталып, материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған. Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалған.