Қоғам

Астанада жұмысшылар жаздан бері жалақының кешігетінін айтып әкімдік алдына жиналды

Астанада көше тазалаушылар мардымсыз жалақы мен қиын еңбек жағдайына шағымданып әкімдік алдына жиналды. Айтуларынша, бірнеше айдан бері жалақы кешіккен.

Жұмысшылар Нұра ауданы әкімдігінің алдында жиналған. Олардың арасында жалғызбасты ана да көп. Кейбірі таңғы сағат 3-те ұйқыдан тұрып, кешкі жетіге дейін тік тұрып жұмыс істейді екен. Тіпті 100 шақырым жердегі ауылдан қатынап жүргендер бар.

“Жаздан бері жеке меншікте жалақымызды дұрыс бермейді. Қыста 40 градус аязда жұмыс істейміз. Жалақымыз аз. Ал басқа мемлекеттік органдарда жақсы алады. Жалақылары жақсы, үстемақылары да жақсы. Бізде ондай жоқ. Зейнетақы жүрмейді. Еңбекке жарамсыздық демалысы да жоқ”, – деді жұмысшы Жұпархан Өзгеріс.

Жұмысшылардың айтуынша, "Астана Тазалық" міндеттемелерін бірнеше компанияларға бөліп берген. Сөйтіп, тазалық қызметкерлерінің 60 пайызын сол мердігерлерге жіберген. Айтуларынша, негізгі мекемеде аула сыпырушыларының жағдайы толық жасалған. Ал жеке компанияға өткен жұмысшылардың кейбірі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүр болған екен. Жалақыны да сол жеке кәсіпкерлік арқылы алады. Бірақ барлық салық пен аударымды өздері төлеуі керек. 

“Жеке кәсіпкерлік ашып, машинамен жұмыс істейміз. Бұдан бөлек, олардың жалақысын өздері емес, біздің жеке кәсіпкерлік арқылы аударамыз. Маған ашық түрде жұмыс істеу керек, сондықтан қызметкерлердің жалақысын көрсетуім қажет. Ол үшін зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және МӘМС (ОСМС) төлемдерін төлеуім керек. Бұл төлемдерді олардың жалақысынан ұстайын ба, әлде қалай істеймін? “Не істесең де өзің біл” дейді. Ал олардың қолына алатыны –  170 мың теңге”, – деді жүргізуші Дидар Ибраиов.

Мердігер компанияның өкілдері камерадан қашып, сұхбат беруден бас тартты. Ал "Астана тазалық" мекемесі мердігер компания келісімшарт талаптарына сәйкес қызметін толық көлемде атқарып жатқанын мәлімдеді. 

“Келісімшарт бойынша білесіздер ғой госзакуп дегенді естуіңіз бар ғой. Сол бойынша бір жылға келісімшарт жасалды сол мердігерлердің жұмысшыларының жаңағы мердігер басшыларына бір талаптары деген сияқты. Осындай мәселелер болып жатыр. Біз тек мердігерден талап етеміз тек қана ар жағында біз оның жұмысына араласа алмаймыз болды”, – деді бас директорының орынбасары "Астана Тазалық" ЖШС өкілі Алберт Еселиев.  

Олардың сұрағаны көп емес, тек жалақы кешіктірмей, әлеуметтік төлем жасалса дейді. Ал, жауаптылар екі апта ішінде бұл мәселені шешеміз деп отыр.