Air Astana әуе компаниясының ұшағы Алматыға кері оралды
Қазір ұшаққа қатысты техникалық тексеру жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізіліп жатыр.
17 желтоқсанда Алматы–Астана бағыты бойынша ұшқан Air Astana әуе компаниясының KC 851 рейсі ұшу барысында борттағы кондициялау жүйесінен шыққан белгісіз иіске байланысты Алматыға кері оралды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Компанияның хабарлауынша, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесінің командирі Алматы әуежайына қайтып қону туралы шешім қабылдаған.
Ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 07:40-та штаттық режимде қонды.
«Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы – біздің басты басымдығымыз. Рейс сәтті қонды, ешкім зардап шеккен жоқ», – деп мәлімдеді Air Astana өкілдері.
Қону кезінде жолаушыларға сусындар мен тіскебасарлар ұсынылған. Олар Астанаға басқа әуе кемесімен сағат 10:15-те жөнелтіледі.
Қазір ұшаққа қатысты техникалық тексеру жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізіліп жатыр.