Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры лауазымына Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы тағайындалды
- авторОймақ
- Бүгін, 17:19
- 20
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры лауазымына Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы тағайындалды.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы 1972 жылы 2 тамызда Алматы облысы, Кеген ауданы, Шырғанақ ауылында дүниеге келген. Білімі мен кәсіби жолын Қазақ қыздар педагогикалық институтында бастап, 1994 жылы «Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдап, кейін аспирантурада білім алды. Филология факультетінде деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары және орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеген.
30 жылдық қызметінде білім саласында басшылық қызметтерді абыроймен атқарған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті колледжінің директоры, «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметтерін атқарған.
2020 жылдың қаңтарынан осы уақытқа дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін Басқарма Төрағасы – Ректор ретінде басқарды. 2021 жылдан Қызылорда қалалық мәслихатының VII, VIII шақырылым депутаты. Оның басшылығымен университет студенттік контингентін екі еседен астам арттырды, халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге жетті, шетелдік университеттермен 12 бірлескен және 4 қосдипломдық білім беру бағдарламалары енгізілді.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы кәсіби шеберлігін үздіксіз арттыра отырып, Вашингтон (АҚШ), Франция, Финляндия, Оңтүстік Корея, Англия, Ұлыбритания және Грекияда біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өткен. Ол тіл білімі, салыстырмалы грамматика, қазақстандық саясаткердің тілдік тұлғасы, жоғары білім берудегі интернационалдандыру, мектеп оқулықтарының сапасына арналған 90-нан аса ғылыми ғылыми еңбектің авторы.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






