Ақтоғайлық бозбала 14 жастағы жасөспірімді әдейі өртеген
Ол жанып тұрған сіріңкені оған қарай лақтырған.
Оқиға 2024 жылғы 17 қыркүйекте Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай ауылында болған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
16 жастағы жасөспірім 14 жастағы Нұрсұлтанды әдейі өртеген. Ол жанып тұрған сіріңкені оған қарай лақтырған. Нұрсұлтанның бензинге малынған шалбары бірден тұтанып кеткен. Жәбірленуші киімін шешуге тырысқанымен, матасы еріп, терісіне жабысып қалған, соның салдарынан ауыр күйік алған.
Тергеу дерегінше, 16 жастағы жасөспірім күйік алған балаға көмек көрсетпеген және медициналық қызмет шақырмаған. Ол үйінен өзінің ескі шалбарын алып келіп, Нұрсұлтаннан сол шалбарды киюді талап еткен және болған жағдайды ешкімге айтпауын талап еткен. Нұрсұлтан сол шалбарды киіп, үйіне оралғаннан кейін анасы жедел жәрдем шақырған.
Нұрсұлтанның анасы оқиға күні оның үш досымен бірге жеке үйдің ауласында болғанын айтты. Солардың бірі, 16 жастағы жасөспірім, әкесіне тиесілі канистрадағы бензиннің иісін иіскеуді ұсынған.
Осы кезде Нұрсұлтан канистраны абайсызда қағып кетіп, бензин оның шалбарына төгілген. 16 жастағы бозбала шығынды өтеу үшін 4 500 теңге талап еткен. Нұрсұлтан ақшаны төлеуден бас тартқаннан кейін, ол сіріңкені жағып, оған лақтырып жіберген.
Ата-анасы полицияға жүгінген, алайда бастапқыда шара қолданылмаған: айғақ заттар алынбаған, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалмаған, ал қылмыстық іс қылмыс құрамының жоқтығына байланысты тоқтатылған.
Адвокат Ерсін Рахметовтің араласуынан кейін ғана жағдай түзеліп, кінәлі жауапкершілікке тартылды.
Қарағанды облысының ювеналды сотының судьясы Дулат Бурабаев 16 жастағы жасөспірімді ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігі – «Кәмелетке толмағанға қатысты әдейі орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша кінәлі деп таныды.
«Заң бойынша, бұл қылмыс орташа ауырлықтағы қылмыс саналады. Сотталушының кәмелетке толмағанын, сотталмағанын ескере отырып, сот 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу және бір жыл пробациялық бақылау белгілеу туралы үкім шығарады», – деп жариялады судья Бурабаев.